Хабар телеарнасы

48 сайлау учаскесі сағат 06:00-ден бастап ашылды

Республика аумағы мен шет елдерде 9 968 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Осы орталық сайлау комиссиясында БАҚ өкілдеріне арналған екі бірдей брифинг өтті. Онда өңірлерден келген ақпаратқа сәйкес таңғы сағат 07:00-де 8023 сайлау учаскесінде дауыс беру рәсімінің басталғандығы жайлы айтылды. Сайлау учаскелерінің ең көбі Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында. Бұл өңірлерде 1040 учаске өз жұмысын бастады.

Жалпы жоғарыда атап өткен 8023 учаскедегі тізімде 9 627 073 қазақстандық бар. Брифинг барысында Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров 5 облыста учаскелер Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 08:00-де ашылғандығын мәлімдеді. Себебі бұл өңірлер басқа сағат белдеуінде.

Айта кету керек, елде 48 сайлау учаскесі сағат таңғы 06:00-ден бастап ашылды. Бұл аймақтық сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша жасалып отыр.

Константин Петров, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Орталық сайлау комиссиясына науқан аясында экзитпол рәсімін жүргізуге екі ұйымнан өтініш келді. Олар: «Қоғамдық пікір институты» қоғамдық бірлестігі мен «Жастар» ЖШС ғылыми зерттеу орталығы. Бұл мекемелер барлық заң талабына сай келіп отыр және Орталық сайлау комиссиясын алдын ала ескерткен.

Ал сағат 08:00-де тағы бір брифинг өткен болатын. Онда сөз сөйлеген Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина осы уақытқа дейін 90 920 сайлау учаскесі өз жұмысын бастағандығы жайында хабарлады. Оның 17-сі – шетелдік.

 Сәбила Мұстафина, Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

- Бұл учаскелердің тізімінде 11 947 995 қазақстандық бар. Есептен шығару куәлігін алғандардың саны – 35 951. Бұл құжатпен азаматтар еліміздің кез келген сайлау учаскесінде дауыс бере алады.