Хабар телеарнасы

Ертіс өңірінің кәсіпкерлері мемлекеттік қолдаудың иглігін көріп отыр

Тұрғындардың бірі мал басын көбейтсе, екіншісі құрылыс материалдарын өндірмек.

Ғабит Бердалин бұған дейін сауда саласында жұмыс істеген. Жеке ісін дөңгелетуді мақсат етіп, ішкі нарықтың сұранысын зерттеген. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының құрылыс материалдарына деген сұранысын өтеуді көздеді. Дегеніне жетуге мемлекеттік бағдарлама сеп болды.

Ғабит Бердалин, кәсіпкер:

- 6% несие алдым. 25 сотық жерді алып, 600 метрдей жоғары вольтты жол тарттым. Үш жұмыс орнын аштым. Қолымыздан келгенін жайлап істеп жатырмыз.

Кәсіпкер шикізатты жергілікті кәсіпорындардан сатып алады. Бір кірпіштің нарықтағы бағасы 200 теңгеден аспайды. Баға қолжетімді болғандықтан, өнім өз тұтынушысын тез табады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Былтырғы жылы Баянауыл ауданында шағын кәсіпкерлікті дамытуға 206 млн теңге бөлінген. Биылғы жылы бұл көрсеткіш артады деп күтілуде. Себебі кәсіпкерлер қазіргі таңда мал шаруашылығынан бөлек, қызмет көрсету және осындай кәсіпорындарды ашуға басымдық берген. Мәселен, бұл кішігірім зауытта күніне қарапайым шлактан 200-ден астам кірпіш құйылады. Құрылыс материалдарына деген сұраныс күннен күнге артып жатқандықтан, кәсіпкер бұл бизнесін кеңейтуге де бар.

Былтыр ауданда жаңадан ашылған кәсіпорындардың көмегімен 100-ге жуық адам екі қолға бір күрек тапқан. Тағы 40-тан астам азаматқа қайтарымсыз гранттар үлестіріледі деп күтілуде.

Ғабдолла Тәліпов, Баянауыл аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы:

- 32 адамның тізімі түсті. Олар өздерінің кәсібін әрмен қарай дамытуға арналған жобаларын қорғайды. Мал алу, кірпіш құю, іс тігуге байланысты несиені игеріп аламыз. Осы айдың аяғына дейін 85 млн теңгені құрайтын бірінші транш түсіп отыр. Енді екінші траншты тамыз айына жоспарлап отырмыз.

Мемлекеттік қолдаудың көмегін көргендердің қатарында Салтанат Кукузова бар. Кәсіпкер 6 млн теңгенің несиесін алып, Железин ауданында жол бойында дәмхана ашқан. Ендігі мақсаты – бизнесін кеңейту.

Салтанат Кукузова, кәсіпкер:

- Біздің жоспарымызда биыл монша салу бар. Қазір міне, ремонт жүріп жатыр. Мына жақта орыс моншасы болады.

Былтыр облыста «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1,7 млрд теңге бөлінді. Өткен жылғы нәтиже бойынша 400-ден астам жоба қаржыландырылған. Ауылдық жерде бизнес ашамын деушілердің қатары көбейіп келеді. Сондықтан тұрғындар «мемлекет қолдаудың қосымша шараларын қарастырса» деген ойда.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков