Хабар телеарнасы

Оралда Uralsk Green Forum ІІІ халықаралық экологиялық форумы өтті

Шараға қоршаған ортаны қорғау және «Жасыл» технологиялар саласындағы әлемнің жетекші сарапшылары жиналды. Ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері экологиялық таза өнеркәсіпке көшу мәселелерін аталған диалог алаңында 3 жыл бойы талқылап келеді. Бұл жолы энергия үнемдеу саласындағы заманауи тәсілдерге баса назар аударылды.

Ескі технологиядан экологиялық таза мұнай өнеркәсібіне қалай жеңіл және тиімді көшуге болады? «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясында бұл туралы 20 жыл бұрын ойластыра бастаған еді. Бүгінгі таңда Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнындағы газды кәдеге жарату көрсеткіші 99% асты. Бұл – әлемдік деңгейдегі жетістік. Uralsk Green Forum ІІІ халықаралық экологиялық форумы – таза экологияны сақтау жолындағы тағы бір қадам.

Марат Кәрімов, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы бас директорының орынбасары:

- Форумның басты мақсаты – жер қойнауын пайдаланушылар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы сарапшылар арасында мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың пікірталас алаңын құру. Қазіргі кезде Үкіметте Жаңа экология кодексі жобасы дайындалып жатыр. Сол жобаға қандай әлемдік тәжірибені кіргізуге болады? Сол жөнінде әңгіме өтті. Қатысушылар форум жұмысы нәтижесінде өздерінің ұсыныстарын дайындап, тиісті мемлекеттік органдарға үндеуін жіберетін болады.

Форумға қатысушылар мұнай және газ өнеркәсібіндегі энергия үнемдейтін инновациялардың жалпы ел экономикасына қалай әсер ететінін айтып өтті. «Жасыл» технологияларды қолдану мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуға, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға, еңбек нарығындағы ұсыныстарды арттыруға мүмкіндік береді», – дейді сарапшылар. Форум аясында студент жастар арасындағы инновациялық экологиялық идеялар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл жастарға өз зерттеулерін жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Қанат Махмұдов