Хабар телеарнасы

Мұнайлы өңірде тағы бір тұщы су көзі табылды

Жер астынан шығып жатқан тіршілік нәрі көлемін кеңейтіп, көлге айналып келеді. Қазір өзен пайда болған аймақта экологтар мен су мамандары зерттеу жұмыстарын бастады. Егер жерасты суының қоры анықталып, тұрғындар игілігіне берілсе, бұған дейін тек құбыр суын пайдаланып келген шаруашылықтар үшін үлкен қуаныш болғалы тұр.

Ұзындығы 200, ені 100 метр көлшіктің тереңдігі әзірге тізеден келеді. Мамандар: «Шамамен 5 мың текше метр су жиналды», – дейді. Ол Мақат ауданы Ескене ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан. Көлшіктің пайда болу сырын құзырлы органдар әртүрлі топшылайды. Қазірдің өзінде бұл араны ауыл малы мен қаз-үйректер мекендеп алыпты.

Ләззат Қалмағанбетова, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының бас маманы:

- Бұл белгісіз су көзі қандай жолмен шығып жатқандығы анықталған жоқ. Ол жерасты суы болуы мүмкін. Сондаықтан әрі қарай анықтаймыз.

Облыстық Экология департаментінің мамандары судан сынама алып, зерттеуге кірісті.

Жолдасқали Телағысов, облыстық Экология департаменті зертханалық бақылау бөлімінің меңгерушісі:

- Судың құрамында қандай зиянды заттар бар екенін білу үшін, сондай-ақ ауыр металдар мен тұздылығын анықтауға жібереміз.

Мақат ауданындағы ондаған шаруашалық тұщы су көзінің болмауынан малдарын көрші Қызылқоға ауданында бағады. Енді мына көл кәдеге асса, шаруаға да, малға да ырыс болғалы тұр.

Ғазиз Ғабдуллин, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Әрине, бұл – қуанышты жағдай. Мақат ауданында мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлер жетерлік. 30-40 кәсіпкер бар. Оларға осы жерден жер телімін беріп, судың пайдасын көруге әбден болады.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Қалай дегенмен де шөл даланың бетіне шапшып шыққан бұл тіршілік нәріне гидрогеологтар үлкен үміт артып отыр. Атырау облысынан тек мол мұнай-газ қорын ғана емес, тұщы судың да үлкен көзін табуға болатындай. Олай болған жағдайда, осы өңірде мал шаруашылығы өркендеп, шаруалардың құдайы берері анық.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов