Хабар телеарнасы

Алматы облысындағы Пенжім ауылының тұрғындарына материалдық көмек көрсетіледі

Жұмыс тобы ауылдарды аралап, шығынды есептейді. Жауған жауыннан таулы аймақта сел жүрген еді. Жаңбыр суы елді мекендегі бес көшенің бойымен ағып, 270 аулаға кірген. Қазір аймақта төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жедел штаб өкілдері сумен келген лайды шығару ісіне жұмылдырылды.

Азамат Жұртбаев, облыстық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қазір Пенжім ауылында 200 техника және 40 адам жұмыс істеуде. Олар: ТЖД, жергілікті атқарушы билік өкілдері, «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары, әскерилер. Қазір ауылда жағдай бірқалыпты, ешқандай су жоқ.

Ғалымұрат Жүкел, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Комиссия ең бірінші су кірген 270 ауланы көріп шығады. Одан кейін материалдық шығын талқыланады. Әрбір келген шығынға акт толтырылып, соған сәйкес өтемақы төленетін болады.