Хабар телеарнасы

Үлгілі Есжановтар әулеті кәсіп пен өнерді қатар ұстайды

Ақмола облысындағы үлгілі Есжановтар әулетінде 9 бала болса, соның тұрмысқа шығып, шаңырақ көтерген жетеуі – көпбалалы. Ұрпақ тәрбиесін басты орынға қойған отбасы қызмет пен өнерден де қол үзбеген.

Ән салу – Бибіжамал апаның қолына ине-жіп алғандағы әдеті. Немерелерінің үстіндегі ұлттық киімнің бәрін өзі тіккен. Міне кезекті үлгіні әзірлеп отыр.

Бибіжамал Есжанова, зейнеткер:

- Осы тіккен оюды қай қызым болса да біледі. Мына немерелерім де үйреніп келеді. Керек уақытта өздері тігіп алса керемет емес пе?!

Әулеттің балалары өнермен бірге түрлі кәсіпті де игерген. Тоғыз бала да жоғары білімді меңгерген. Қазір жер-жерде заң, қаржы, медицина, жер қатынасы және ағарту саласында еңбек етеді. Ата-ана тәрбиесі, өмір жолы олар үшін үлгі болып есептеледі. Мәселен, Бибіжамал апа қызмет жолын шопандықтан бастап, бұрынғы Целиноград облыстық кеңесінің депутаты деңгейіне дейін жеткен. Ал отағасы тұтас шаруа қожалығын қалыптастырған.

Далабай Есжанов, зейнеткер:

- Мен қандай жақсы жолмен жүрсем, оларды да соған тәрбиелеймін. Еңбек етсін. Оларға әлі де болса көмектесіп отырамын.

Әке жолын қазір кенже ұлы Смағұл жалғастыруда. Ол қазір 360 гектар жерге дән сіңіру қамымен жүр.

Смағұл Есжанов, қожалық жетекшісі:

- Қазір егін науқаны болғандықтан, күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Осы егістікке арпа, бидай, сұлы да егеміз.

Әулеттің жастары да кәсіп иесі атануға, өнер үйреніп, спортпен айналысуға әуес. Немерелердің үлкені Рысбек – еркін күрестен Қазақстан чемпионы. Міне Есжановтар қай жағынан алсақ та үлгілі отбасы.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Аманжол Байғазин