Хабар телеарнасы

Батуттардың жұмысы уақытша тоқтатылды

Сонымен қатар өзінің орынбасары мен коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жариялады. Балалар зардап шеккен үрмелі аттракционның қожайыны Абай қаласы өрт сөндіру бөлімінің бұрынғы басшысы екені анықталды. Сенбі күні қатты жел үрмелі батутты ұшырып әкетіп, бір бала қаза тапқан болатын. Тағы екі жеткіншек ауыр жарақаттанып, жансақтау бөліміне түсті.

Қарағанды. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Аттракционның қожайыны уақытша қамау изоляторында отыр. Қаладағы барлық үрмелі батуттың жұмысы тоқтатылды. Олардың қаншалықты қауіпсіз екенін мамандар тексеріп жатыр.

Әлібек Дүйсембеков, қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Қала бойынша орналасқан батуттарды анықтап, оларды алып тастауға немесе жұмысын тоқтатуға хаттама беретін, тексеретін арнайы жұмыс тобы құрылды. Саябақ басқармасы 13 кәсіпкермен 16 батут қоюға келісімшарт жасаған. Саябақ басқармасының штатында бұл батуттардың жұмысын қадағалайтын техникалық қауіпсіздік инженері бар.

Нұр-Сұлтан. Орталық саябақ. Мұнда да желі шыққан батутты көрдік. Уақытша тыйым салынған.

Екатерина Ракова, аттракцион иесі:

- Ең біріншіден батут кемі 1,5 метр тереңдікте қазыққа қағылып тұру керек. Бізде әр батут арнайы қазыққа қадалып тұр. Боранды күні қолданбаймыз. Ал бес жасқа дейінгі балаларды батутқа кіргізбейміз. 25 мамырдан бері аттракционды тоқтаттық.

Қаладағы сауда орталықтары мен барлық саябақта батут атаулы істеп тұрған жоқ. Тексеріс кезінде мамандар заңсыз қосылған бірнешеуін жауып тастапты.

Қасымхан Бегімшеұлы, Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, ТЖД мен аудан әкімшіліктерімен бірге қосылып тексерістер өтті. Соған байланысты бірнеше батуттың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Былтыр естеріңізде болса, елордада қатты желден батут қаңбақша ұшып кетіп, бес бала ауыр жарақаттанған болатын. Оның үшеуі жансақтау бөлімінен шықты. Дәрігерлер жанын салып жүріп, аман қалуына сеп болды. Сол оқиғадан кейін барлық өңірдегі батуттарды мамандар тексеріп шыққан еді. Қазір жауапты министрлік пен мемлекеттік орган қызметкерлері осы аттракционға қатысты күшейтілген заң жобасын дайындауда.

Руслан Иманқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі:

- Қазіргі таңда аттракционның техникалық талаптары мен қауіпсіздігін талап ететін ереже жобасы дайындалды. Ол ереже бойынша қосып отырған адамның жауапкершілігіне талап күшейеді. Аттракцион орналасқан аумақтың қауіпсіздігіне де жауап береді. Батут есепке тіркеледі. Оның қауіпсіздігіне аттракционның иесі мен қосуға рұқсат берген жердің иесі жауапты болады.

Әзірленіп жатқан бұл заң жобасы жылдың соңына дейін күшіне енуі мүмкін. Иә, заң күшейер, жауаптылар жазасын алар. Кінә аттракционнан емес, оны желді күні қосып қойған кәсіпкердің өзінде екені бес жасар балаға да түсінікті. Ендеше кәсіпкерлер қауіпсіздікке неге немқұрайлы қарайды? Әлде бақылау осал ма? Халықтың пікірін тыңдап көрейік:

- Құлап қалатындай емес, дұрыстап істеу керек қой. Қазыққа қағып, мықты болу қажет.

- Сенбеймін! Дұрыстап тексерілмейді. Балалар секіріп жатады, ешкім оларға қарамайды, қадағаламайды.

- Былтыр да батуттан балалар құлап, жарақат алған еді. Сенім жоқ.

Елордалықтардың көбі қазір батут атаулыға жоламайды. Сенім кеткен.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Айнұр Абдиева, Айдос Меделбеков