Хабар телеарнасы

Глобалды инвестиция конференциясында 45 жобаға қол қойылды

Былтыр елге 24 млрд доллар шетел қаржысы келіп, бүкіл Орталық Азияға салынған тікелей инвестицияның 90% Қазақстанның еншісіне тиді. Қазақстандық жаһандық инвестициялар жиынында шартараптан жиылған дүйім инвестормен бірсыпыра жобаға қол қойылды.

Қазақстандық жаһандық инвестициялар жиынына қатысқан делегаттар жоспарлы идея, тиімді бизнес жобаларын арқалап келген. Қазақ елі Орталық Азиядағы экономикалық тартымды мемлекет деп әрқайсысы жарыса айтты. Әлемнің 41 елінен 600 адам жиналғанына қарағанда сөзіміздің жаны бар.

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

- Қазақстан – аймақтағы бәсекеге қабілеттілігі жоғары ел. Экономикадағы мемлекеттің үлесін 17-ден 15% қысқартуды көздеп отырмыз. Шикізаттық емес салаға қаржы тарту үшін капиталы бір млрд доллар тікелей инвестициялар қорын құрдық.

Экспорттық әлеуеті зор жобалар қолдайтын қордың барын естіген инвесторлар тіпті марқайып қалды. Бұдан бөлек, елдегі саяси жағдайдың тұрақтылығы да бизнесті өркендетудің кепілі десті.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Елдегі билік транзитін оң көзқараспен қабылдаған шетелдік инвесторлар еш күдік-күмәнсіз Қазақстанмен тығыз серіктесуге құлық танытты. Осы шара барысында ғана 9 млрд доллардың 45 коммерциялық келісіміне қол қойылды. Әзірге келіссөздер жүргізіліп жатқан жобалар да қаншама.

Инвесторлар жаңа Түркістан облысына көп қаржы құюға ниетті. Жаңа халықаралық әуежайды түркиялық инвесторлар салады, қаланы көруге де аттанбақ.

Хусейн Арслан, Түрік компаниясының басқарма төрағасы:

- Жаңа әуежай салуға 120 млн доллар жұмсаймыз. Құрылыс келесі жылдың соңында аяқталады.

Түркістан облысында Орталық Азияда баламасы жоқ аумағы 500 гектар жылыжай құрылысы салынбақ.

Александр Рудаков, Ресей компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Түркістанда 10 мың жұмыс орнын ашамыз. Кешенде 200 мың тонна қызанақ өнімдері өндірілетін болады. Жер де бөлінді, жақында құрылыс басталады.

Жамбыл облысында кальций содасын өндіретін құны 300 млн доллар зауыт құрылысын да түрік компаниясы салатын болды. Ал америкалық компания Ақмола облысында тәулігіне екі мың ірі қара мал соятын ірі ет комбинатын тұрғызбақ. Ал Ұлыбритания біздің елде ақуызы мол мал азығын әзірлейтін зауытты іске қосқысы келеді. 50 млн доллар қаржысын ұсынған инвестор қазір серіктес іздеп отыр. Жиында сондай-ақ мұнай-газ саласында бірнеше меморандум бекіді.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Мейрамбек Ақмаханов