Хабар телеарнасы

Бүгінгі мемлекеттік қызметкерлердің моральдық-этикалық келбеті қандай?

Тіпті көпшіліктің алдында дөрекі сөйлеп, қызметтік бабын асыра пайдаланатындар да бар. Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаевтың атқа мінген жазбасы желіде қызу талқыға түсті. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ілікті. Бүгінгі мемлекеттік қызметкерлердің моральдық-этикалық келбеті қандай?

Шен таққан әріптестерін «братва», «бандит» деп атаған әйгілі майор – Асқар Тастайбеков. Желіге желдей тарап, қызу талқылағаннан кейін Қарағандыдағы ІІМ академиясының оқытушысы жұмысынан қуылды. Жалпы аяғын шалыс басқан мемлекеттік қызметкерлер жетерлік. Қарапайым этиканы сақтамай, өз қарамағындағы жұмысшыларға дөрекі сөйлеген басшылар да кездескен.

Адамгершіліктігін көрсетпей, жұмысшысын айғайдың астына алған мемлекеттік қызметші – Майра Қоңырбаева. Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы. Еңбек демалысында жүрген кезінде жұмысынан қуылған еңбеккер мән-жайды нақтыламақ болғанда, басшылық тарапынан осындай дөрекілікке тап болған. Этиканы бұзған Майра Қоңырбаеваға қатаң сөгіс жарияланды.

Ал бұл – желіні жарған жазба. Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев өзінің туған ауылына барғанда халықтың алдында атқа мінген. Бейресми ақпарат бойынша генерал-майорға жылқыны жүгендеп, жергілікті бизнесмен сыйға тартқан. Полицейдің бұл ерсі қылығына көңіл аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ Ерлан Тұрғымбаевқа қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- ІІМ Ерлан Тұрғымбаевқа Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының ерсі әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырдым. Қатаң шара қолданылатын болады.

Жалпы елде мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық алуға заң бойынша тыйым салынған. Егер де базарлықтың құны екі айлық есептік көрсеткіштен төмен болса, берген адамға 481 мың, ал оны алған жұмысшыға 1 млн 443 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер сыйлықтың құны одан жоғары болса, онда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Авторы: Риат Шони