Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Cыр өңіріне жұмыс сапарымен барды

Жиында қандай өзекті мәселелер айтылды? Президент аймақ басшылығына нені жүктеді?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Сыр – алты Алаштың ардақ тұтқан анасы. Қазақтың қазыналы жерінде талай тың дүние тұнып жатыр. Топырағын түртіп қалсаң, тасада жатқан тасын төңкеріп қарасаң өткеніңді түгендейсің. Өлкенің осы күні өрісі кең. Әсіресе әлеуметтік саланың көш ілгері дамып жатқаны көпті қуантады.

Қадамды қарыштату үшін қажыр керек. Ал қайратты болудың қарапайым ғана қағидасы бар. Ол – елдің саулығы, ұлттың бүтіндігі. Аймақ басшылығы мұны жақсы біледі. Сондықтан денсаулық сақтау саласына жіті мән беріп отыр. Өткен екі жылда өңірде 25 аурухана қолданысқа берілген. Емдеу мекемелерінің 63% жаңарып, жақсарды. Медициналық мекемелер жаңа жабдықтармен толығып жатыр. Бұрын облыста науқас балаларды емдейтін орталық жоқ еді. Ал қазір мұндағы дәрігерлер аты жаман аурудан да айықтырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары осы орталықтан басталуы да сондықтан болар.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының іргесі осыдан 2 жыл бұрын қаланған. Қазір мұнда 537 дәрігер жұмыс істейді. Олар бір мезетте 300 науқасқа көмек көрсете алады. Күрделі оталар да, лабораториялық зерттеулер де осында жасалады. Дертіне шипа іздегендер енді өзге өңірлерге сабылмайды. Облыстағы сырқат балалардың барлығы озық танылған осы орталыққа жеткізіледі.

Зоя Көшенова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:

- Бұрын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталмай, жоғары технологиялық тәсілдерді қолданбай тұрғанда балаларымыз республикалық мекемелерге, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына жолданып отыратын. Қазргі таңда оның барлығы қолжетімді. Жергілікті облыстық көпбейінді балалар ауруханасында қабылдап жатыр.

Орталықта жабдық тапшылығы жоқ, тек білікті дәрігерлер жетіспейді. Аурухана басшылығы жас мамандарды жұмысқа тарту үшін жалдамалы пәтерлер ұсынып отыр. Жоғары жалақы да төлейді. Жайлы жағдай жасалса, жұмылатындардың көбейері анық. Әзірге дәрігерлердің қызметіне сын айтқандар жоқ. Барлығы қарым-қабілеттерінше қызмет қылып жатыр.

Гүлжамал Сұлтанова, науқас баланың әжесі:

- Дәрігерлер уақытында барлық дәрілермен қамтамасыз етіп, әрқашан жақсы жұмыс істейді. Барлығы да ізетпен, ыждахатпен қарайды. Уақытында дәрісін беріп, уақытында жағдай сұрап, жақсы емдеп жатыр.

Ерінбей еңбек еткен адам ғана еліне пайдасын тигізеді. Сыр елінде шаруа тінін ширатып жатқан жандар көп. Әсіресе мұндағылар күріш өсіруден алдына жан салмайды. Өңірде ақ маржанды өндіретін ірі зауыт бар. Олар дайындаған өнім көршілес елдерге жаппай жеткізіліп жатыр.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Елімізде дайындалатын күріш өнімдерінің 95% осы Сыр өңірінен алынады. Облыс диқандары өнім көлемін биыл да еселеуді көздеп отыр. Мәселен, мына зауытта тәулігіне 150 тонна күріш өндіріледі. Жүйе толықтай автоматтандырылған. Дайын өнімдер іргедегі қырғыз еліне, Өзбекстан және Ресейге жөнелтіліп жатыр.

Күріш өңдейтін кешен тәулігіне 170 тонна ұн өңдеуге және 80 тонна құрама жем өндіруге қауқарлы. Ұзын-ырғасы зауытта 300 адам еңбек етеді. Олар келешекте тез дайындалатын кеспе әзірлеуді жоспарлап отыр. Әзірге ондай тағамның Қазақстанда баламасы жоқ.

Бақдәулет Мақашев, зауыт директоры:

- Күріштен шығатын тез дайындалатын тағамдарды дайындап, кореялық зауытпен келісімшартқа отырдық. Құдай қаласа, биыл жыл соңында немесе келер жылдың басында іске қосамыз деп отырмыз. Ол әрі жеңіл, әрі бағасы да халыққа тиімді болады.

Қызылорда өңірінде құрылыс та қарқын алған. Қаланың сол жағалауында қазір көпқабатты тұрғын үйлер жарыса бой көтеріп жатыр. Жақында сегіз баспана үй кезегінде тұрғандарға беріледі. Одан бөлек, 28 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Облыс басшылығы жаңа пәтерлерді алдымен тұрмысы төмен отбасыларға табыстауды көздеп отыр.

Мұхамедиса Әлсеріков, облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Биылғы жылы сол жағалаудың өзінде 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 17-сі арендалық, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлер болып табылады. Олар аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға, жетім-жесірлер мен мүгедектерге беріледі.

Қаланың жаңа келбетін қалыптастыруға өңір кәсіпкерлері де атсалысуда. Осы күні мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық бөбекжай қолданысқа берілген. Қаржыгерлердің қатысуымен қосымша 14 баспананың іргетасы қаланыпты.

Сырдарияның сол жағалауында орналасқан тарихи нысанның бірі – осы. Орталық атқару комитетінің бұрынғы ғимараты қазір «Рухани жаңғыру» орталығына түрленген. Мұнда сирек кездесетін қолжазбалар, кеңес кезінде ұлт тағдырын өзгертуге ықпал еткен түрлі қаулылардың түпнұсқалары сақталған. Ақмешіт тұсында қазаққа «қазақ» атауын қайтарып беру туралы шешім де осы орында қабылданыпты.

Сыр елінде жалынды жастардың жасындай жарқылдауына да жағдай жасалған. Кейінгі буын өкілдеріне арнап орталық бөй көтерді. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Мекеме мамандары жастарды жұмысқа орналастыруға, оларды баспанамен қамтуға және жеке кәсіптерін дөңгелетуге септесіп жатыр. Тегін кеңес береді, қажет болса, тың жобаларын қаржыландыратын инвесторларды іздеп табуға көмектеседі.

Абылайхан Сабанбаев, облыстық Жастар орталығының директоры:

- 500-ге жуық жастарымыз Ресей Федерациясы бюджеті есебінен білім алуда. 2018-2019 оқу жылында 74 студент оқуын бітіріп келді. Оның 45-і магистратураға оқуға түсіп, қалғаны аумақтағы ірі және шағын кәсіпорындарға жұмысқа орналасты.

Сыр өлкесінде еріктілер тобы да бар. Олар қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, қоғамның дамуына өзіндік үлестерін қосып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кейінгі буын өкілдері кежегені кейін тартпай, керісінше кемелдене беру керек», – деді.

Өрісін кеңейткен өңірде өткір әрі өзекті мәселелер де бар. Мемлекет басшысы облыс жұртымен жолыққанда соларды жіпке тізіп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен тұрғындардың табысын еселеу керектігін атап өтті. Республикалық деңгеймен салыстырғанда қызылордалықтардың айлық табысы әлі де төмен. Президент бұл мәселені шешуді Үкімет пен аймақ басшылығына жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облыс әкімдігінің басты міндеті. Лайықты жалақы төлейтін, жаңа жұмыс орындарын ашу ісіне баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алыңыздар.

Аймақтағы экологиялық ахуал да мемлекет басшысын алаңдатып отыр. Әсіресе Аралдың қазіргі күйі көңіл көншітпейді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көкарал бөгетінің төменгі бөлігін дереу қалпына келтірмесек, балығы тайдай тулаған Кіші Аралдан да айырылып қалуымыз бек мүмкін», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халық Арал тағдырына алаңдайды. Елбасының бастамасы бойынша Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы іске асырылуда. Осы жобаның аясында салынған Көкарал бөгетінің арқасында Кіші Аралдағы су қалпына келді. Бұл балық шаруашылығын жандандыруға септігін тигізді. Мұнда балық өнімдерін дайындайтын сегіз зауыт жұмыс істеп тұр. Балық экспорты 10 есеге өсті. Экологиялық мәселелер мұнымен шектелмейді. Көкарал бөгетінің төменгі жағын Сырдария ағыны бұзып жатыр. Дереу қолға алмасақ, Кіші Аралдан да айырылып қалуымыз мүмкін.

Жиында қаланың инфрақұрылымын жақсарту, шағын және орта бизнестің дамуы, жаңа кәсіпорындар құру сынды іргелі істер сөз болды. Аймақ басшылығы Президент атаған проблемалар жуырда шешімін табады деп сендірді.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

- Былтырғы жылдың қорытындысымен елімізде бизнеске ең қолайлы аймақ атандық. Соңғы алты жылдың ішінде мұнай өндіру көлемі екі есе қысқарды. Биыл тағы 1,1 млн тоннаға қысқарады деген болжам бар. Дегенмен өндірістің жетекші саласында қалыс қалу болғанымен, бүгінде аймақ 2018 жылдың және биылғы І тоқсанның қорытындысымен қарқынды дамудың ең жоғарғы көрсеткіштеріне қол жеткізген облыстардың бестігіне енді.

Алқалы отырыс соңында өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жандар марапатталды. Қасым-Жомарт Тоқаев сала үздіктеріне арнайы алғыс хаттар табыстады.

Қызылорданың қазіргі қарқынымен танысқан Мемлекет басшысы сапар соңында Байқоңыр қаласына да барды. Ғарыш айлағы маңында бой көтерген шағын шаһардың құлашын кең серпіп жатқаны байқалады. Мұнда соңғы 30 жылда көпқабатты үйлер бой көтере бастаған. Медициналық мекемелер де салынып жатыр. Бес бірдей мектеп Қазақстанның білім стандарттарына көшкен.

Өркениеттер ордасы болған Сыр өңірі адымын әлі де алшаң баспақ. Аймақ тынысымен танысқан Мемлекет басшысы осыған кәміл сенім білдірді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов, Бақытбек Нұртаев