Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен БҚО-ға барды

Еліміздің батыс қақпасы – Батыс Қазақстан облысы. Ресей Федерациясының бес бірдей облысымен шектеседі. Сонысымен де стратегиялық маңызды аймақ. Жері кең әрі қойнауы бай. Әлемдегі ең ірі мұнай кенішінің бірі Қарашығанақ осы Орал өңірінде орналасқан. Елде өндірілетін мұнайдың 14%, ал көгілдір газдың 36% осы өңірге тиесілі. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жасаған алғашқы жұмыс сапары. Мемлекет басшысы өз сапарын жұртшылықпен кездесуден бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Географиялық жағдайы өте қолайлы. Өндірістік әлеуеті зор. Облыс әкімін жақында қабыладым. Елбасы БҚО-ға әрқашан айрықша баса назар аударып келгенін сіздер жақсы білесіздер. Орал – батысқа шығатын басты қақпа. Сондықтан өңірді қолдау жалғаса береді. Жалпы облыстың географиялық жағдайы өте қолайлы, табиғи байлығы мол, өндірістің әлеуеті зор. Бүгінде Ақжайық жері қарқынды дамып келе жатқан өңір екені мәлім. Оң өзгерістер болды және жаңа бастамалар іске қосылды. Бұл – облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жұмысының нәтижесі.

Батыс облысын 3 жылға жуық басқарып отырған Алтай Көлгінов – облыс әкімдері арасындағы ең жасы. Жас болса да, Жайықтың жайын баптап отырған басшы. Облыста осы жылдың қаңтар-наурыз айларында 605 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Президент облыс басшылығына қосымша міндеттер жүктеді. Соның бірі – инвестиция тарту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- БҚО инвестициялық тартымды аймақ болуы керек. Бұл міндет бүкіл мемлекетке қатысты. Себебі шетелдік инвестиция тарту – стратегиялық мақсат. Мен жақында әкімдермен, министрлермен жиналыс өктіздім. Облыс басшылары мен министрлерге жүктелген тапсырмалардың тізімінде бірінші инвестиция тарту тұр. Инвестициясыз бірде-бір ел әрі қарай көтеріле алмайды. Үкіметке келсек, олар облысқа жан-жақты қолдау көрсететін болады. Сондықтан мен әкімге Орал қаласында индустриалды аймақ құрылысын жеделдетуді тапсырамын.

Президент жүктеген екінші міндет – ауыл шаруашылығы кешенін дамыту. Өңірде қой етін экспорттау 3,5 есеге, сиыр етін жөнелту 21% артқан. Дегенмен бұл салада еңбек өнімділігі тым төмен. Есесіне, батыста бизнеске бет бұрып жатқандар көп. 2019 жылғы 1 сәуірдегі статистика бойынша өңірде 41 300 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,5% көп. Бұл салада 113 мыңнан астам азамат нәпәқасын тауып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өңір экономикасының драйвері – табысты кәсіпкерлік ауқымын кеңейту. Әзірге бизнестің дамуы өңірде біркелкі емес. Шағын және орта бизнестің 90% астамы, сонда қамтылған халықтың 80% Орал қаласы мен Бөрлі ауданына тиесілі. Неліктен өзге аудандардың әкімдері шағын бизнестің дамуын өздерінде ынталандырмайды? Бұл – сұрақ. Тұрғындар мемлекет беретін мүмкіндіктер туралы біле ме? Бұл – таяу уақытта жауап берілуі тиіс басқа сауал. Әкімдік тұрғындарды кәсіпкерлік бағдарламасына көбірек тартып, бизнес негіздеріне оқытып, шағын несие беруді кеңейту керек. Ел бойынша шағын және орта бизнеске беретін жаңа мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс.

Қолжетімді тұрғын үй, сапалы ауызсу, тегіс жол. Қарапайым қазақстандықтардың өмірін жайлы етудің негізгі факторлары осы болып тұр. Былайғы қарасаң қиын ештеңесі жоқ. Бірақ аймақ жұртын алаңдатады. Мұндағы ауылдағы ағайынның тек 45% ғана орталықтандырылған су ішеді. Президент бүгін бұл мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бесінші міндет – бірінші класты инфрақұрылым жасақтау. Өзекті мәселенің бірі – жол. 70% жайы мәз емес. Бұл – үлкен проблема. Мұндай жағдайды сын көтермейді деп санаймын. Бұл азаматтардың тек күнделікті өміріне ғана кері әсер етіп қоймай, өңірдің экспорттық-транзиттік әлеуетін де төмендетеді. Қазір Орынбор трассасы мен Казталовка, Жәнібек, Бөкей ордасы секілді үш оңтүстік ауданда жолды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын білемін. Үкімет пен әкімдікке бұл жұмыстарды 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда болады.

Алғашқы жүздесуде айтылатын мәселе де қордаланып қалғандай. Мұндай жүздесулерде майда мәселелер болмайды. Тіпті өңірде тозығы жеткен электр желілері халық үшін де, Президент үшін де маңызды. Мемлекет басшысы айтқан пәрменді тапсырмалар жергілікті жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

Президент қарапайым қазақстандықтардың еңбегін бағалау туралы жиі айтады. Игі дәстүр Батыс Қазақстан жерінде де жалғасын тапты. Облыстың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Президенттің алғыс хаты табысталды.

Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 4,2 млрд теңге бөлінген. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында ана өлімінің бір де бір фактісі тіркелмеген. Бұл өңірде денсаулық саласына бөлінген көңілдін көптігін аңғартса керек. Сөзімізді растайтын тағы бір нысанға Президент арнайы барды. Медициналық орталық биылғы жылдың басында іске қосылды. Су жаңа орталық дәрігерлері көз және тіс ауруларын ең озық технологиямен емдейді. Бұл жердегі дәрігерлер ересектермен қоса кішкентай пациенттердің де бабын таба біледі.

Облыс жұртшылығы мұндай орталыққа көптен зәру еді. Мысалы көзін емдеу үшін Жайық жұрты Ресей жағалап кететін.

Гүлжан Рысқалиева, медициналық орталықтың бас директоры:

- Осы орталық іске қосылғалы алты азаматқа көзді лазерлік түзеу операциясы жасалды. Бәрі де сәтті өтті. Бұрын ондай операциялар Батыс Қазақстан өңірінде мүлдем жасалмайтын. Ол үшін облыс тұрғындары Ресейге, Алматы мен Нұр-Сұлтанға баратын. Орталықта көз ауруларының барлық түрі ең озық технологиямен емделеді. Емдеу ақылы және тегін түрде көрсетіледі. Осы жылы біз 21 млн теңгенің тегін қызметін көрсетуге тиіспіз.

«Мұндай қондырғылар тіпті еліміздің бас шаһарларында да жоқ» деп мақтана айтады мұндағы дәрігерлер. Мысалы ауыз қуысының бедерін түсіру үшін бұрынғыдай альгинатты-силиконды материал пайдаланылмайды. Бәрі компьютерлік сканерлеу арқылы жүзеге асады.

Жан Бергенов, стоматолог-дәрігер:

- Ашылғалы бері 400 адам қабылдадық, соның 20% балалар болды. Мүгедек балаларды қабылдаймыз. Мұндай техника Нұр-Сұлтанда да, Алматыда да жоқ деуге болады. Ал 3D апараттың бағасы 500 мың долларды құрайды.

Орал трансформатор зауыты. Мемлекет басшысы қуатты трансформаторлар жасау процесімен танысып, зауыттың дайын өнімдерін көрді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 10 мың трансформатор шығаруға есептелген. Өнімнің 95% көрші Ресейге экспорттап отыр. Кәсіпорында қазір 600 адам еңбек етеді. Зауыт басшылығы жақын арада 2 млрд теңгенің инвестициясын тартуға талпынып отыр. Ал ол өнім қуатын 1,5 есеге арттыруға көмек береді. Демек, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.

Биыл білім беру саласына 64,5 млрд теңге бөлінген. Өңірде 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бар. Соның бірі – Президент бас сұққан Орал ақпараттық технологиялар колледжі. Бұл жерде Мемлекет басшысына IT орталықтың жұмысы таныстырылды.

Бұл – Мағжан Қыстаубаев. Ол қазақтың қара домалақ балаларынан IT технология айдарынан жел есетін мамандарды әзірлеп шығуға болатынына шүбәсіз сенеді.

Мағжан Қыстаубаев, «Stem Аcademia» ғылыми-зерттеулер жөніндегі директоры:

- Модельдер, прототиптерді балалар осы жерде жасап үйренеді. Әрине, оның бір инновациялық ерекшелігі жоқ. Бірақ осында біздің студенттер өздері жасайды. Кім біледі, бүгін осыны жасайды да, мүмкін екі жылдан соң Tesla, болмаса SPX компаниясына арналған патенттік әдемі затты ойлап табатын болады.

Осы жерде Президентке «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыста жүзеге асып жатқан жобалар таныстырылды. Өңір басшылығы Оралды ақылды әрі халық үшін ыңғайлы қалаға айналдыруға кірісіп жатыр.

Ғали Есқалиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Жыл басынан бері электронды аукцион арқылы 15 жер телімі сатылды. Бұл коррупциялық тәуекелді азайтады және біздің халыққа, бизнеске, мемлекеттік органдарға жұмыс істеуге көмектеседі.

Облыстың жеті ауданы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылған. Қалған бес аудан келесі жылдың аяғына дейін осы жүйеге қосылады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Батысқа жасаған сапары аяқталды. Президент жүктеген міндеттер Батыста қалай жүзеге асарын уақыт көрсетеді.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- БҚО – еліміздегі ең елеулі өңірлердің бірі. Негізгі себебі шекарада тұр және геосаяси салмағы басым. Яғни бұл аймақтың экономикасы қуатты, әлеуметі мығым, руханияты бай болмағы керек. Президент БҚО-дағы оң өзгерістерді бағалады, кемшілігін меңзеді. Тұтас алғанда батыс қақпа берік тұр деп сеніммен айтуға болады.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Асхат Азретханов