01:00Эфирде: ҚР Әнұраны
05:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

БҚО-да жаңа форматтағы АӘК беріле бастады

БҚО-да жаңа форматтағы АӘК беріле бастады

Батыс Қазақстан облысындағы отбасыларға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек төлене бастады.

Бұл жәрдем ақша сәуір айынан бастап 3 есе көбейгені белгілі. Ол үшін өңірге 4 млрд теңге бөлініп, оның төрттен бірі игерілген. Яғни 6580 отбасы жәрдемақы алды.

Данагүл мен Мәдина – ата-анасының мақтанышы. Оқуда озат, өнерден де кенде емес. Шетел тілдерін де меңгеріп жүр. Ал үй шаруасына келгенде анасына қолғабыс етуден аянып қалмайды.

Данагүл Марат, оқушы:

- Анамның қолы босамаса, балаларды алып, үй жинауға және басқа заттарға да көмектесеміз. Түрлі торттар, кекс, самса пісіремін. Үйге қонақтар келгенде торт алмаймыз.

Мәдина Марат, оқушы:

- Мен анамды өте қатты жақсы көремін, сыйлаймын, құрметтеймін. Ол туралы көптеген шығарма, өлең, ән жаттап көрдім де, өзім де жазып көрдім. Оның ішінде өзім шығарған «Анашым» өлеңі қатты ұнайды.

Мектеп психологы Айнұр Бралиева – балаларынан барын аямайтын жан. Ол жұбайымен бірге 6 бала тәрбиелеп отыр. Жас батыр ана осыдан бір жарым жыл бұрын егіз перзент босанған. Дегенмен балаларын қосымша үйірмелерге қатыстыру үшін қаражат жетпей қалады екен.

Айнұр Бралиева, көпбалалы ана:

- Балаларым негізі оқуға, білімге, өнерге де өте құштар. Кейбір уақыттарда күшіміз жетпей жатады. Қазір ағылшын тілі, би курстары бар. Сол жағынан қиналамыз. Бірақ балаларым әрдайым түсіністікпен қарайды. Репетитор керек дегенде қызым: «Репетитордың қажеті жоқ, өзім-ақ ағылшын тілін үйренемін», – деп айтады.

Жуырда отбасына жаңа форматтағы алғашқы жәрдемақы төленді. Оларға берілген қаражат 150 мың теңгеден асып жығылады. Бұл отағасы ғана табыс тауып, өздері пәтер жалдап отырған отбасыға үлкен көмек болып отыр.

Айнұр Бралиева, көпбалалы ана:

- «1 сәуірден бастап іліктіңіздер» деді. Егіз балаларым әлі кішкентай. Сондықтан жұмысқа шықпай, үйде отыруға тура келеді. Жолдасым жұмыста. Үкімет тарапынан үлкен қолдау деп ойлаймын.

Мұндай қолдауға өңірдегі 6580 отбасы қол жеткізді. Жалпы сомасы 910 млн теңгені құрады.

Алтай Құлқаев, БҚО Жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және ӘБ басқармасының басшысы:

- Қазір проблема жоқ. Бұрын жұмыспен қамту орталықтарында ылғи кезек болып, сұрақтар көп болатын еді. Жалғыз бір жеке куәлігімен келе береді. Ал қосымша ақпарат керек болса, біздің мамандар өздері сұрайды.

АӘК-тен бөлек, көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін де шешу басты назарға алынған. Жыл басынан бері Оралда 30 отбасына жаңа пәтердің кілті табысталған болатын.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әсел Русалиева, Руслан Газезов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...