01:00Эфирде: ҚР Әнұраны
05:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Жусан-2» операциясы: Сириядан 231 отандасымыз елге жеткізілді

«Жусан-2» операциясы: Сириядан 231 отандасымыз елге жеткізілді

Президент пәрменімен жүзеге асырылған «Жусан-2» гуманитарлық операциясына еліміздің Сыртқы істер министрлігі өкілдері мен күштік құрылымдар қатысты.

Таңғы бестен енді асқан кез. Қару асынған қатулы сарбаздар Сириядан келетін ұшақты күтуде. Бортта дүмшелердің сөзіне еріп, содырлардың сойылын соққан отандастарымыз бар.

Отанға оралғандардың ұзын-ырғасы 231 адамды құрайды. Оның 59-ы – әйел, 156-сы – өрімдей бала. Жаңа туған шақалақтардың да үні шығады. Сарбаздар өз елінен безіп, кейін өзегі өртенгендерді дереу автобустарға отырғызды.

Елге қайтарылған балалардың 18-і – жетім. Арнайы жасақ лаңкестік топтарға мүше болған 16 отандасымызды да елге оралтқан. Оларға күтім күшті. Тамағынан бастап, балалардың ойыншығына дейін әзірлеп қойған. Жат қолынан босағандар қаладағы оңалту орталығына жеткізілді. Дәрігерлер оларды алдымен тексерістен өткізді.

Радикалды дін өкілдеріне алданып, тұзаққа түскендердің арасында жараланғандары да бар. Тіпті кейбір қандасымыз Сирияда жүріп өлім құшқан. Қабырғасы қатайып, бұғанасы бекімеген балалардың да шейіт болғаны жанды ауыртады.

Жанарлары жәутеңдеген бұл бүлдіршіндердің не жазығы бар дерсің?! Туған елін тәрк еткен ата-анасына еріп, еріксіз кеткен. Енді міне жалғыз оралып отыр.

Гуманитарлық операция жыл басында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы. Оған еліміздің Сыртқы істер министрлігі өкілдері мен күштік құрылымдар қатысты. Аталған операция Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан. Бұл жұмыс әлі де жалғаса береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бей-жай қарамаймыз. Аталған гуманитарлық операцияға қатысқан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және шетелдік серіктестерге алғысымды білдіремін.

Биыл қаңтар айында Елбасы пәрменімен 47 отандасымыз Сириядан елге жеткізілген еді. Қазақстанға қайтарылғандардың дені қазір адасқан ойларынан арылып, қоғамға бейімделе бастаған.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Сондай-ақ...