Хабар телеарнасы

Шымкентте 12 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды

Ал сәуір айынан бастап 21 мың тұрғыннан құжаттар қабылданды. Қалада 39 мыңнан астам адамға әлеуметтік көмекті рәсімдеу барысы түсіндірілген. Мемлекеттен көмек алған батыр аналар қаржысына кәсіп бастап, тұрмысын түзеуге көшкен. Солардың бірі 6 баланың анасы – Тілләгүл Қарсыбаева.

Тілләгүл Тасболатқызы атаулы әлеуметтік көмектің ақшасын жуырда алған. Қаражаты қолына тиген бойда кәсіп ашуды ойға алыпты. Содан тігін машинасын сатып алған. Қазір Тілләгүл қалыңдықтың жасауына қажет көрпе-төсек сынды заттар тігіп, оны сатумен айналысуда. Көмекші ретінде көршісін жұмысқа да алған. Қолы қалт еткенде балаларының жанында болуды да ұмытпайды. Оларды сабаққа дайындайды. Үй жұмысын атқарып та үлгереді.

Тілләгүл Қарсыбаева, көпбалалы ана:

- Мемлекет беріп отырған атаулы әлеуметтік көмектің арқасында тіршілігімді жүргізіп отырмын. Ыңғайлы. Өзім сияқты көпбалалы аналарға: «ақшаны майда-шүйдеге жібермей, осылай балалардың көз алдында отырып жұмыс жасаған дұрыс», –  деп айтар едім. Үйде тамақтары тоқ. Біреуін күтіп алам, бірін мектепке шығарып саламын. Арасында жүгіріп есігімнің алдында тірлігімді тиянақтап осылай отырған жағдайым бар.

Көпбалалы отбасы бұл үйді жалдап тұрады. Күміс алқа иегері Тілләгүл 6 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрыпты. Ұлының үлкені қазір 8-сыныпта оқиды. Ал кенжесі 1,5 жаста. Олар да өз баспаналарының болуын армандайды. Ал Шымкентте Тілләгүл секілді 12 мың отбасы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасының шарапатын сезініп, қолдауға ие болған. Мамыр айының 15-іне дейін құжат тапсырған 21 мың отбасының 9 мыңға жуығы қаражатына қол жеткізеді.

Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл жерде әлеуметтік көмек 2-ге бөлінеді: шартты және шартсыз. Шартты көмектер 12 айға алынады. Шартсыздары 6 айға алынады. Бұл әлеуметтік көмек – үйінде жағдайы шынында да төмен, тамақ және балаларына мектепке баруға киім таппай отырған отбасыларға арналған көмек. Сондықтан бұл жерде комиссия оны ажыратуы керек.

«Тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмекті дер кезінде үлестіру үшін қазір мамандар күні-түні жұмыс істеуде», – дейді билік өкілдері. Айта кету керек, Шымшаһарда бүгінгі таңда көпбалалы аналар саны 31 мыңнан асады. Оның 3 200-інің күнкөріс деңгейі төмен. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны 36 мыңға жуық. Әлеуметтік көмек алатын азаматтарға қаланың 4 ауданынан құжат рәсімдейтін бірнеше «Аналар орталығы» ашылған болатын. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов