01:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Көпбалалы отбасыларға баспана беріле бастады

  • Категория: Сюжеттер
Көпбалалы отбасыларға баспана беріле бастады

Әлеуметтік қамқорлық шаралары аясында 160 мың отбасы жаңа форматтағы АӘК алды.

Жәрдемақылар тұрмысы төмен отбасылардың барлығын қамтыды. Елбасының көпбалалы отбасыларға баспана беру тапсырмасына сәйкес, екі айдың ішінде 259 отбасына пәтер кілті беріліпті. Мамырдың соңына дейін тағы 1000-нан астам отбасы үйлі болады деп жоспарланған. Көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін 3-4 жылда толық шешу көзделіп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының соңғы жиынында үйсіз жүрген көпбалалы отбасылардың күйін келтіруді Үкіметке тапсырған. Әлеуметтік қамқорлыққа мемлекет 100 млрд теңге бөлді. Бұндай қомақты қаражат әлеуметтік баспана салуға бұрын-соңды бөлінген емес. Елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар. Оның 31 750-і үй кезегінде тұр. Ал санаттағы отбасылар үшін 40 мың пәтер салу – мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспары. Кең пішу, арасы алты жылда қатарға қосылатындарды ескеріп, артығымен есептелген. Тек биыл 6000 баспананы қолданысқа беру жоспарда. Оның алғашқы 259-ы өз иесін тапты.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі:

- Мамыр айынан бастап көпбалалы жанұяларға баспаналарды тапсырып жатырмыз. Кешегі күнге дейін 249 үй тапсырылса, кеше Семей мен Өскемен қалаларында тағы қосымша 10 пәтер тапсырылды. Сол себепті 259 пәтер берілді. Осы айдың соңына дейін 1200-1300 пәтер тапсырылады деп жоспарлап отырмыз.

Күні ертең еліміздің батысы мен оңтүстігінде тағы бірнеше бақытты көпбалалы отбасы көп күткен баспанасына кіреді. 15 мамыр Алматы қаласы мен Атырау облысында қоныс тойы тойланбақ. Бұл – жалға берілетін пәтерлер. Ал жалдап тұрғысы келмейтіндер үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде «Бақытты отбасы» жобасы жұмыс істейді.

Ләззат Ибрагимова, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы:

- «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты маусым айынан іске қосылатын болады. Бұл бағдарламаға төрт және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар қатыса алады. Тағы да кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар толық емес отбасылар да қатыса алады.

Бұл бағдарлама бойынша жоғарыдағы әлеуметтік топтарға кіретін отбасылар жылына 2% үстемемен жинақ банкінен арзан несие алуға мүмкіндігі бар. 10% алғашқы жарнаны жинауға жергілікті әкімдіктер тұрғын үй сертификатын беріп жәрдемдеседі. Бағдарлама пилоттық режимде іске қосылған. Алматы облысында 344 көпбалалы отбасы өтініш білдіріп, оның 330-на келісім берілген. Алғашқы екі отбасы санаулы күнде кілт алады. Тағы 44 отбасының сертификаттарын әкімдік банкке аударыпты. Демек, жақын күнде тағы 44 пәтердің иесі анықталады деген сөз. Жекеменшік үй алғысы келетін отбасыларға қойылар талап мынадай.

Ләззат Ибрагимова, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы:

- Несие бойынша жаңадан салынған немесе екінші нарықтағы дайын үйлерді сатып алуға болады. «Бақытты отбасы» бағдарламасында бір адамға шаққанда табысы 42 500 теңгеден аспайтын отбасылар қатыса алады. Мәселен, егер отбасы 6 адамнан тұрса онда оның жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ жеңілдетілген несие алу үшін жеке басына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне өтінім берген күнге баспанасы жоқ болуы керек.

Осы тұста жалға берілетін жайлы үйге қол жеткізген отбасылардың ескеруі тиіс бірнеше мәселесі бар. Уақытша баспананы мұра ретінде ұрпағыңа қалдыра алмайсың. Үй мемлекеттің мүлігі болса да, өзіңдікіндей күткен абзал.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі:

- Азаматтар қандай жағдайда үйді босатуға міндеттелетіні заңда бекітілген: алты ай бойы пәтерақы мен коммуналдық төлемдерді өтемесе, үйді қасақана қиратып, көршілерден шағым түссе, баспананы коммерциялық мақсатта қолданса, яғни жалға үй алып, оны қайта жалға беріп үстінен табыс көруге жол берілмейді.

Бір сөзбен тәртіпке бағынсаң далада қалмайсың. Ал жоғарыда айтылған талапты түсінсең, көп баламен аз табысыңа қарамай үй алуға мүмкіндік бар. Үкімет «көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін небәрі 3-4 жылда шешуге болады» деп сенім білдірді.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Серік Қоңырбаев

Сондай-ақ...