20:00Эфирде: Концерт «Жастар әні»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Айбалта-2019» оқу-жаттығуын көруге мектеп оқушылары барды

  • Категория: Сюжеттер
«Айбалта-2019» оқу-жаттығуын көруге мектеп оқушылары барды

Алматы облысындағы Бахар ауылының мектеп оқушылары «Айбалта-2019» оқу-жаттығуы өткен полигонға барып, әскери өмірмен танысты.

ҚР Қорғаныс министрлігі әскери жаттығулар өтетін полигонда алғаш рет балалар үшін ашық есік күнін ұйымдастырып отыр. Оқушылар үлкен әсер алғандарын және «Отан қорғау – әр азаматтың міндеті» екенін айтты.

Бахар аэродромында 8000 сарбаз бен әскери техника жұмылдырылған «Айбалта-2019» ауқымды әскери оқу-жаттығуының дүбірі әлі басылған жоқ. Қорғаныс министрлігі осы сәтті өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне ұтымды пайдаланды. Бахар ауылының мектеп оқушыларына әскери-стратегиялық нысанмен танысу мүмкіндігі бұйырып отыр. Балалар техника мен қаруды қолмен ұстап, күшін әскерилердің өздерінен сұрап білді. 9-сынып оқушысы Исламжан кездесуден кейін «Ақтөбе әуе күштері училищесіне түсемін» деп шешім қабылдады.

Исламжан Алмазов, оқушы:

- Ағаларымыз автоматтарды қалай оқтау, қалай жинау керектігін көрсетіп, дәлдеуді де үйретті. Тікұшаққа отырып, іштерін таныстырып өтті. Мен де келешекте осы ағаларым сияқты өзіміздің борышымызды өтеймін.

Бұл көрмеге қойылатын жәдігер емес. Қарулы күштер қолданып отырған кәдімгі соғысқа жарамды техника. Тікұшақты өзінше тізгіндеген бұл балақайдың әсері айтпаса да түсінікті.

Суджата Эмирзаева, Абдолла Розыбакиев атындағы орта мектеп директоры:

- Ұзақ уақытқа дейін есінде қалады деп ойлаймын. Себебі біздің ауыл балалары үшін бұл қызық, жаңалық. Бір жағынан патриоттық тәрбиеге үлесін қосады, балалардың әскерге бару қызығушылығы оянады.

Әскери полигонда ашық есік күні алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Мамандар: «Мұндай іс-шаралар әскер қатарын нағыз ісіне адал кадрлармен толықтыратын болашаққа көзделген бастама», – дейді.

Ержігіт Хандәулетов, Авиациялық база командирінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Балаларға десанттық-шабуылдау әскерінің әскери техникасы мен ату құралдары көрсетілді. «Айбалта-2019» оқу жаттығуына қатысып жатқан авиациалық техника оларға ерекше ұнады. Мұндай іс-шара әскери полигонда алғашқы рет өтіп отыр. Алған әсерлерден балалар өмірін әскермен байланыстырғысы келетіндерін айтып жатыр.

Оқушылар да әскерилерге құр алақан келген жоқ. Қиын жаттығулардан шаршаған сарбаздардың көңілін балалардың өнері бір серпілтіп тастады.

Авторы: Азамат Алдоңғаров

Сондай-ақ...