Хабар телеарнасы

Жас сарбаздар әскерге шақырылды

Осыған орай 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында әскерге шақырушылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Наурыз айында басталған көктемгі шақырылымда Алматыда 1000-нан астам жігіт іріктелсе, солардың 30-дан астамы Аягөз әскери гарнизонына аттанып барады. Қаладағы бірнеше әскери құрылымның сарбаздары сап түзеп, мерекелік шеру ұйымдастырды. Оған Екінші дүниежүзілік соғыстың және Ауған соғысының ардагерлері, еліміздің Қарулы Күштерінің өкілдері мен сарбаздардың ата-аналары қатысты. Салтанатты шарада қала әкімі Бауыржан Бәйбек жас сарбаздарға «отан қорғау – абыройлы міндет пен жауапкершілік» екенін айтты.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Қазақта «аманат» деген қастерлі сөз бар. Бізге ата-бабамыздан қалған кең байтақ жер мен ел аманат болмақ. Сіздер осынау жауапкершілікті терең сезініп, Отан алдындағы жауапкершілік парызын орындауға аттанғалы тұрсыздар. Талаптарыңыз оң, қадамдарыңыз сәтті болсын!

Айбек Көпжүрсінов, әскерге шақырылушы:

- Мектепте өздеріңізге белгілі шығарма жазылады. Сол шығармаларда: «Әрбір ер азаматтың міндеті – Отанды шекарада тұрып қорғау, елдің тыныштығын сақтау», – деп мақсат қойдық. Мақсатымыз орындалды. Сондықтан Отанды қорғау, Отанға қызмет етуді өзіме міндет санаймын.