18:00Эфирде: «Жас домбыра» концерті
20:00Әрі қарай: Концерт «Жастар әні»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Жамбыл жұртшылығы ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасовты еске алды

  • Категория: Сюжеттер
Жамбыл жұртшылығы ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасовты еске алды

Осыдан 8 жыл бұрын қарашадағы қанды оқиға Жамбыл жұртшылығын ғана емес, бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген еді.

Тараз көшелерінде бейбіт елдің тыныштығын бұзып, оқ атқан лаңкесті құрықтауда полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапты. Бейбіт күннің батырын бүгін жерлестері еске алды.

2011 жылы өзін жихад жауынгерімін деп жолдан тайған жас жігіт 7 бірдей адамның қанын мойнына жүктеген болатын. Бар болғаны бірнеше сағаттың ішінде қаланы аяғынан тік тұрғызған қанды қол қарақшының жолын кесеміз деп жергілікті полиция қызметкерлері Ғазиз Байтасов, Полат Аянқұлов, Жақсыбек Байсейітов жан тәсілім еткен. Бүгінде өңірдегі оқушылар Полиция департаментіндегі музейге апта сайын экскурсияға келеді. Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігімен танысып, қапияда қаза тапқандарды еске алады.

Алтынай Майкенова, оқушы:

- Ғазиз Байтасов Тараз қаласын қалай қорғап қалғанын мұражай қызметкерлері бізге жан-жақты түсіндіріп, біз білмеген заттардың бәрін көрсетіп, түсіндірді. Ғазиз Байтасовтың ерлігін біз ешқашан ұмытпаймыз.

Шайзат Әліпбаев – Ғазиз батырдың бала кезден бірге өскен досы, 7 жылдай қызметтес болған әріптесі. Ол ұлтқа үлгі болған қаһарманның ерен ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі етіп айтудан жалыққан емес. Жалықпайды да, өйткені көзден кетсе де, көңілде қалып, халық жадында мәңгі сақталса екен дейді.

Шайзат Әліпбаев, жол-патрульдік полиция батальонының полиция майоры:

- Ол ерінбейтін, өзі ерте қамданатын. Жұмыс 7:30-да басталса, ол 7:00-де келетін. Осы балалардың барлығының жағдайларын сұрап, олардың әрқайсысының не істеп жатқанын, отбасылық жағдайына дейін сұрастырып және өзіне тиесілі жұмысты талап ететін. Сондай қаталдығымен осындай батыр болатын.

Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың артында жары мен ізбасар 2 баласы бар. Бүгінде кіші ұлы Әділжан 5-сыныпта білім алады. Ал үлкені әке жолын жалғастырып жоғары оқу орнының заң факультетінде оқиды.

Арманжан Әбдібеков, Ғазиз Байтасовтың ұлы:

- Болашақта отбасының үлкен ұлы болғаннан кейін әкемнің аяқталмай қалған жолын жалғастырып, ішкі істер органдарында қызмет етіп, халықтың игілігі үшін әкем сияқты қызмет етуге дайынмын.

Ел тыныштығы үшін лаңкестің қолынан қаза тапқандардың ерлігі еш ұмытылмауы тиіс. Осы оқиғадан соң Ғазиз Байтасовқа «Халық қаһарманы» атағы, 2 бірдей жол сақшысына «Айбын» ордені берілді. Байзақ ауданындағы туған ауылы Түймекенттегі мектеп пен шаһардағы көше батырдың есімімен аталған. Ал Тараздағы Полиция департаментінің жанына Ғазиз Байтасовтың мүсіні қойылып, мұражайдан бұрыш ашылған. Сондай-ақ жыл сайын спорттық жарыстардан турнир өткізіледі. Бұл игі шаралардың барлығы – антына адал болған полицейдің даңқын дәріптеп, ерлігін ұлтқа ұран, ұрпаққа үлгі етудің бір айғағы.

Авторлары: Қырмызы Жексенбек, Бахытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...