+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

ҚР Президенті әскерилерге мемлекеттік наградалар тапсырды

  • Категория: Сюжеттер
ҚР Президенті әскерилерге мемлекеттік наградалар тапсырды

Отан қорғаушы күні қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және құқық қорғау саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік наградалар тапсырды.

Жоғары әскери және арнаулы атақтар берілді. Сондай-ақ адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күннің батырлары да арнайы марапатқа ие болды. «Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен игі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі шендегі 26 әскериге «Даңқ», «Айбын», «Құрмет» ордендерін табыстап, қызметте ерлігімен көзге түскен сарбаздарды марапаттады. ҚР Президенті әскерилерге елдің тыныштығы үшін ерекше алғыс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті сардарлар мен сарбаздар! Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңіс мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Біз бабаларымыздың ерлігін қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау – Отан күзетіндегі әрбір азаматтың қасиетті парызы. Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында біз бүгінде Қазақстанның шекарасын бүтіндеп, іргесін бекіттік. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – осы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалу. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары санатты білікті сардарлар мүлде аз болды. Тұңғыш Президентіміз әр сарбазды жігерлендіре отырып айбынды әскер құрды.

Қазіргі таңда Қазақстанның қорғанысы әлемнің озық әскерлерінің қатарында. Армияда заманауи техника мен технология кеңінен пайдаланылады. Оның соңғы үлгілерін әскерилер Президентке  «Айбалта» оқу-жаттығуында көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жақында ғана өткен «Айбалта» оқу-жаттығуларының өтуі – соның дәлелі. Жауынгерлердің әскери оқу-жаттығуларын өзім арнайы барып көрдім. Ер жігіт жүрегін елге береді. Намысын ешкімге бермейді. Міне ортамызда еліміз бен жерімізді адалдықпен аянбай қорғаған қаһармандар тұр. Олардың арасында адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күннің батырлары бар. Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

Көбеген Мырзатаев жауынгерлік ерлігі үшін Президенттің қолынан марапат алды. Ол Ресей, Қытай және Беларусьтің үздік жасақтарының алдын орап, «Авиадартс – 2018» сайысының бас жүлдесін елге әкелді. Бейбіт күнде сайыста жеңіске жеткен адам әскери жағдайда да білгенінен жаңылмайтыны анық.

Көбеген Мырзатаев, ҚР Қорғаныс министрлігі авиациялық эскадрильясының аға ұшқышы:

- Өзіміздің терімізді, еңбегімізді, нұсқаушылардың үйреткен тәсілдерін сол жарыста көрсеттік. Жарыстан біз елімізге көк туымызды желбіретіп, І орын алып келдік. Физикалық және білім жағынан өзіміздің қазақ рухын таныттық. Қиын болды. Сайыс болғандықтан оған әркім бара бермейді ғой. Жарыстың ішінде бәрін іріктеп алады. Ең мықтысын алып, сайысқа жібереді.

Марапат алғандардың арасында 5 адамды оттан арашалап қалған батыр бар. Медет Балабиев өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, 3 жеткіншек пен 2 ересек адамды өрттен алып шығып, үлкен қасіреттің алдын алды.

Медет Балабиев, Ұлттық ұлан сарбазы:

- Шынын айтсам, ол жерде ойланатын уақыт болған жоқ, қимылдау ғана керек болды. Өйткені ойланып тұрғанда өрттің өршу, ал газ баллонның жарылу қаупі болды.

Ал Аянбек Кенжешов үшін бүгінгі награданың жөні бөлек. Бүгін оның туған күні. 26 жасында «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне таққан сарбаз өз ісін міндетім деп біледі.

Аянбек Кенжешов, Нұр-Сұлтан қаласы №1 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

- Біздің мамандық өрт сөндіру болғандықтан, ең бірінші міндет – адамдарды құтқару, одан кейін құнды мүліктерді құтқару және өрт сөндіру. Бұл – менің күнделікті жұмысым. Осы саланы таңдағандықтан мұны ерлік деп санамаймын. Әрбір адам өзінің мамандығына тиянақты болуы керек.

Мереке алдында мәртебеге ие болғандардың арасында күштік құрылымдар, мемлекеттік күзет қызметі, прокуратура саласының саңлақтары бар. Отан қорғаушы күні қарсаңында Президент дәстүр бойынша әскери шен тағайындады. Бұл күнде «генерал-лейтенант» арнайы атағын алғандардың арасында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев, жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев та бар. Атақ-марапаттарын алған әскерилер өздеріне тән әскери тәртіппен салтанатты шарадан жылдам тарқады. Алда оларды жаңа белестер күтеді.

Авторы: Азамат Алдоңғаров

Сондай-ақ...