Хабар телеарнасы

Қазақстанда тұңғыш рет шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтіп жатыр

Жаһандық бәсеке бірінші дивизионның А тобындағы командалар арасында қызған. 6 елдің ұлттық құрамалары элитаға берілетін қос жолдаманы сарапқа салады.

Риат Шони, тілші:

- Иә, Словения құрамасының сапындағы бас жұлдыз ол – Анже Копитар. Ұлттық хоккей лигасындағы «Лос-Анджелес Кингз» командасының капитаны және де «Стэнли» кубогының екі дүркін жеңімпазы негізгі құрамда өнер көрсетіп жатыр. Әзірге айтарым, нәтижелі пастарымен немесе соғылған голдарымен көзге түсе қойған жоқ. Дегенмен жанкүйерлер оның ойынына қызыға қарап отыр.

Айта кету керек, Қазақстан мен Словения арасындағы кездесудің билеттері толық сатылған. Бұны ескерген ұйымдастыру комитеті спорт кешенінің жанында жанкүйерлерге арналған алаң орнатыпты. Біз міне барлығымыз осы жерде Қазақстан ұлттық құрамасына қолдау көрсетіп жатырмыз. Әзірге ойынның бірінші кезеңі өту үстінде. Есеп 2-0. Біздің жігіттер алда келеді. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан мен Словения құрамалары бұған дейін 7 рет кездесіп үлгерген. Оның төртеуінде отандастарымыз басым түссе, үш матчта словениялық хоккейшілер жеңіске жеткен. Қорытынды есепті күтеміз.