Хабар телеарнасы

Үкімет мүшелері әлеуметтік мәселелерді шешуді тапсырды

Алматы қаласы аймақтар арасында бірінші болып көпбалалы аналарға 2% үстемемен баспана беруді қолға алған. Алғашқы пәтер кілттері мамырда иелеріне тапсырылады. Үкімет басшысының орынбасары осы тәжірибені өзге аймақтарда іске асыру керектігін айтты. Бұдан кейін жұмыс беруші кәсіпкерлермен кездесіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асқан жобалар талқыланды.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Ең бірінші, еңбекақыны уақытылы беру керек. Қазір республика бойынша жұмысшылардың жалақысы үшін 1 млрд теңгеден астам қарыз бар. Біз әр кәсіпорынмен жеке жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы келіспеушіліктер осы еңбекақының уақытылы төленбеуіне қатысты туындайды. Сондықтан осы мәселені назарда ұстаңыздар. Тағы бір мәселе, мемлекет бюджет қызметкерлерінің жалақысын үнемі көтеріп келеді. Азық-түлік пен коммуналдық төлемдердің қымбаттауына байланысты қызметкерлеріңіздің жалақысын көтеруді қарастырыңыздар.