Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Абайдың 175 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту керек

Әуелі Семейге соғып, қаланың тыныс-тіршілігімен танысқан Президент жергілікті жұртшылықпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтпақшы, бұл – халықтың көңіл-күйін білудің төте жолы. Осыдан кейін Мемлекет басшысы бірқатар әлеуметтік, мәдени маңызы бар нысандарды аралап, өңірде мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты. Президент Семей қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Оңтүстік пен батыстан кейін Мемлекет басшысының жолы Шығыс Қазақстанға түсті. Алғаш тоқтаған қаласы – Семей. Адамзаттың ядролық қарудан өз еркімен бас тартуға алғаш қадам жасаған бейбітшіліктің қаласы Семейдің ядролық қарусыз әлем символына айналуына Қасым-Жомарт Тоқаевтың да еңбегі сіңді. БҰҰ-да қызметте жүріп, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын әлем лидерлерін қолдауға үндеді.

Траптан-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр ғана жөндеуден өткен әуежайдың ұшып-қону жолағы, жаңарған ғимараты таныстырылды. Жөндеу «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өтті. Қазір Семей әуежайы ішкі рейстермен қатар бірнеше халықаралық бағытта жолаушы тасымалдайды. Осыдан кейін Мемлекет басшысына «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы таныстырылды. Шаһарда жалпы саны 27 мемлекеттік маңызды жоба қолға алынған. «Рухани жаңғыру» негізінің бірі Абай шығармашылығы болуы тиіс», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Үлкен мереке, үлкен іс-шара. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен салиқалы деңгейде өткізуге аса мән беру керек. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой толғамдарын кеңінен дәріптеу.

175 жылдықты мемлекеттік деңгейде атап өту үшін тиісті шараларды қабылдауға Үкіметке тапсырма берілді. Сонымен қатар ұлы ақынның әкесі Құнанбайдың есімін ұлықтау қажеттілігіне тоқталды. Осыдан кейін кешегі Семей полигонының зардабын тартқан халыққа қамқорлық көрсету керек деп Үкіметке тағы тапсырма жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зияндарын нақтылап, әлеуметтік кепілдіктердің көлемін анықтаймыз. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Өңірдегі тағы бір күрделі ахуал Семейдегі ядролық медицина орталығының құрылысына қатысты болып отыр. Аталған мәселе 2012 жылдан бері айтылып келеді. Бұл тиісті мемлекеттік органдардың адам тағдырына соншалықты селқос қарап отырғанын көрсетеді. Сондықтан айтыс-тартысты дереу тоқтатып, елге тиімді ортақ мәмілеге келу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан Қазақстанда атом электр станциясын салу тақырыбын да айналып өтпеді. Ядролық қарудың қасіретін жақсы білетін семейліктердің алдында Мемлекет басшысы шешім халықтың пікірін ескеріп қабылданады деп уәде берді.

Ал қаланың түйінді мәселелері жоқ емес. Мысалы, үш көпірдің екеуі апатты жағдайда. Шаһар ішіндегі жолдардың 20% тозығы жеткен. Дегенмен, жол жөнделіп жатыр, оны мойындау керек, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесуді тәмамдап, Президент бастаған делегация Семей қалалық ауруханасына барды. Бұл – тек қана өңірде емес, еліміз бойынша америкалық озық аппараттармен жабдықталған жалғыз медициналық мекеме.

Семей қалалық жедел медициналық жәрдем ауруxанасы «100 мектеп, 100 ауруxана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. Оның бірегейлігі Қазақстанда ғана емес, посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ гибридті операция бөлмесімен ерекшеленеді. Оған орнатылған мына ангиограф аппараты адам ағзасында болуы мүмкін барлық ауруды анықтай алады. Орталықта жыл сайын 3 мың операция жасалады. Демек, Семей қаласы мен өңір тұрғындары ешқайда сабылмай-ақ түрлі дерттің емін осы ауруxанадан таба алады.

Ерлан Бүркітов, Семей қалалық Жедел медициналық жәрдем ауруханасының директоры:

- Гибридті деген екіге бөлінеді. Оны ашық жасауға болады. Азинвазивті операция тамырдан ғана стэнд қою арқылы жасалады. Жүрекке, миға стэнд қоя алмай жатсақ,ашуға да болады. Гибридтік деген осы.

Демек, операциялар пышақ тигізбей жасалады. Денсаулық сақтау саласына оң баға берген Мемлекет басшысы осыдан кейін Қарағайлы шағынауданындағы құрылыс алаңына барды. «Абай Арена» деп аталатын мәдени-спорт кешенінің айналасында тұтас бір қала бой көтерген.  Мына үйлер «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында сатылып жатыр. «Нұрлы жер» бойынша 150 пәтер өз иесін тапқан. Осы бағдарлама арқылы Қарағайлы шағын ауданынан 368 баспананың кілтін табыстау жоспарда бар. Назарбаев Зияткерлік мектебі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрса, білім мекемелерінің қатары жақын арада тағы 4 мектеп, 5 балабақшамен толығады. Болашақта 25 мың адам тұратын қалашықта сапалы өмір сүруге қажетті инфрақұрылымның бәрі бар.

Жұмабек Ибраев, «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің жобалық үйлестірушісі:

- Мұндай орталық Семейде ғана емес, тіпті облыста болмаған. Әдетте түрлі орталықтарда бассейн, ойын-сауық орталығы бөлек болады. Ал енді бұл – осының барлығын қосып тұрған бірінші нысан.

Олимпиадалық бассейн, 5 мың көрермен сыятын зал, ойын-сауық орталығы, барлығы бір шатырдың астында. Құрылыс жұмыстары болашақта да жалғаса береді. «Туған жер» бағдарламасы барда, Семей сияқты шағын қалалардың дамуы тоқтамайды. Оны мемлекет қатаң бақылауда ұстамақ. «Ал халықтан көмек аянбай еңбек ету, білім-ғылым игеру және ең бастысы Қазақстанды бүгінгі дамуға дейін алып келген ауызбіршілігін, ынтымағын сақтайық», – деді Президент.

Авторы: Айдос Меделбеков