Хабар телеарнасы

Сайлауды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды

Алғашқы отырыста мемлекеттік тіл емтиханына қатысты жайттар талқыланды. Белгілі болғандай сынақ үш кезеңнен тұрады.

Ердәулет Байдуллаев, тілші:

- Өткен аптада ғана лингвистикалық комиссияның құрамына кіретін 6 адам анықталған болатын. Комиссия бірінші отырысын өткізіп, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбековті төраға етіп сайлады. Сөйтіп алғашқы жиында Президенттікке үміткерлер тапсыратын емтихан талаптарын нақтылады. Бірінші кезеңде конвертте жасырылған тақырыптардың бірін алып, жазбаша сынақтан өтеді. Екінші кезеңде үміткер комиссия бекіткен кітаптардың бірінен 15 минут үзінді оқиды. Осылайша оның дауыс ырғағы, оқу мәнері бағаланады. Үзінділер қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығынан алынады. Үшінші кезеңде үміткер лингвистикалық комиссия берген тақырыптардың біріне кемінде 15 минут сөз сөйлеуі қажет.

Мырзатай Жолдасбеков, лингвистикалық комиссия төрағасы:

- Оны жазуға 1 сағат уақыт беріледі. Егер үміткер 1 сағатта бітіре алмадым десе, комиссия ақылдасып, тағы да жарты сағат уақыт бере алады. Комиссия мүшелері әріп, тыныс қателерін, барлығын тексереді. Ауызша жауап беріп отырған кезде бізді қанағаттандырмаған немесе тақырыпты одан сайын тереңірек ашу қажет болған жағдайда қосымша сұрақ қоюымыз мүмкін.

 

Сайлауды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды

Орталық сайлау комиссиясында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін сайлау учаскелерінде тиісті жағдай жасау мәселесі талқыланды. Ресми дерек бойынша елімізде ондай 680 мыңға жуық азамат бар. Соның 500 мыңға жуығы 9 маусым күні өз таңдауын жасайды деп болжанып отыр.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Жергілікті билік өкілдерімен бірге құлағы естімейтін, көзі көрмейтін азаматтарға көмекшілердің, сурдоаудармашылардың көмек көрсетуін қамтамасыз етуіміз керек. Біздің ойымызша, жергілікті билік өкілдері осы жұмыстарға еріктілерді, оның ішінде 3-ші, 4-ші курс оқитын жоғарғы оқу орындарының студенттерін шақыру қажет.

Сайлаушылар тізімін қалыптастыру мәселесін үйлестіру бойынша жиында жан-жақты пікіралмасу болды. Сондай-ақ елордалықтардың дауыс беретін сайлау учаскелері белгіленді. Олардың жалпы саны – 239. Тұрғындар өз сайлау учаскесін іКomek қызметінің 109 нөмірі, онымен қоса Smart Astana мобильдік қосымшасы мен Telegram желісіндегі чат-бот арқылы біле алады.