Хабар телеарнасы

Орталық сайлау комиссиясы жаңа бір талапты бекітті

Енді үміткер ретінде тіркелу үшін азамат дәрігерден 107 дерттен ада екендігі туралы анықтама әкелуі тиіс. Ұзын тізімнің бірінен күдік шықса кандидаттың өтініші кері қайтарылуы мүмкін. Осы саяси науқанда үміткердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін де әдеттегідей бес адам емес, алты адам сынайды. Лингвистикалық комиссияның құрамы бекітілді.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

- Орталық сайлау комиссиясының отырысында үш сұрақ қарастырылды. Президенттіктен үмітті азамат кандидат ретінде тіркелу үшін ерлі-зайыптылардың екеуі міндетті түрде табысы мен мүлкін жария етуі шарт. Декларацияның растығын салық органдары 15 күн тексеріп, сайлау комиссиясына өз қортындысын береді. Бір тиынның табысы да күдік тудырса кандидат тіркелмейді. Декларация тапсыру үшін уақыт жеткілікті. Кандидатурасын ұсынған күннен мамырдың онына дейін уақыт бар. Бұл сыннан сүрінбей өтсе, лингвистикалық комиссияның алдында тіл білетінін дәлелдейді. Комиссияның мүшелері сайланды. Олардың арасында өткен Президенттік сайлауда да құрамда болған Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай сынды ғалымдар бар. Олардың қатары Ғарифолла Есім, Әділ Ахметов және Ерден Қажыбек сынды профессорлармен толықты. Байқасаңыздар комиссия әдеттегідей бес адам емес, алтау. Заңда бес адамнан кем емес деп жазылыпты.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Көлемі екі беттен аспайтын жазбаша жаттығу жазылады. Екіншіден, лингвистикалық комиссия ұсынған қазақ әдебиетінен үш беттен аспайтын мәтін оқылады және он бес минут көпшілік алдында таңдалған тақырыпқа үміткер сөз сөйлеуі керек.

Үміткердің тақырып таңдауы комиссияның ашық отырысында өтеді. Жазбашаға бір сағатты азсынса, қосымша жарты сағат тағы беріледі. Ал көпшілік алдында сөйлеуге бір сағат дайындалуға уақыт бар. Биылғы саяси аламанның жаңалығы – кандидатқа психиатрдан анықтама әкелсін деген талаптың қосымша енгізілуі. Денсаулық сақтау министрлігі 107 аурудың түрін тізіп беріпті.

Лязат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Осы сырқаттар тізімін жасау үшін Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен республикалық зерттеу орталықтарының жетекші мамандарынан тұратын арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс барысында адамның жүріп-тұруын шектейтін, қиындататын дерттер де қаралды. Бірақ қорытынды бойынша 107 түрлі аурудан тұратын адамның ақыл-есіне кері әсер ететін, әлеуметтік қауіпті психикалық дерттер тізімі жасалды.

Яғни кандидаттың жалпы денсаулығына сұрақ жоқ. Тек психикалық амандығы керек. Ұзын тізімнің ішінде негізінен деменцияның, яғни алжудың сан түрі, ішімдік, есірткіге тәуелділіктен туындаған ақыл-ес ауытқушылықтары, шизофрения сынды диагноздар бар. Міне осы сындардан сүрінбей өткен адам кандидат ретінде тіркелуі мүмкін.