01:00Эфирде: ҚР Әнұраны
05:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Түркістанда қызғалдақтар фестивалі өтті

  • Категория: Сюжеттер
Түркістанда қызғалдақтар фестивалі өтті

Қызғалдақты қыздай, қызды қызғалдақтай қадірлейік.

Түркістан облысының Түлкібас ауданында қазақ даласының жауһары, гүлдің патшасы саналатын қызғалдақты дәріптеуге арналған «Қызғалдақ фестивалі» өтті. Шұбайқызыл шоқысында өткен фестиваль барысында «Шырайлым – Шұбайқызылым» байқауының жеңімпаздары марапатталып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Грейг қызғалдағы Түркістан облысының Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарының таулы аумақтарында кездеседі. Әсіресе ең көп өсетін жері – Түлкібас ауданының Шұбайқызыл шоқысы. Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар 15-20 гектардай алқапты қызыл кілемге орайды.

Былтырдан бастап табиғатымыздың көркем сыйларының бірі қызғалдақты дәріптеп, кейінгі ұрпаққа маңыздылығын жеткізу мақсатында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалін өткізу Түркістан өңірінде дәстүрге айналған. Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орналасқан Шұбайқызыл шоқысына биыл да мыңға жуық адам жиналды. Ғалымдардың айтуынша, әлемде қызғалдақтың 3000 түрі бар. Ал Қазақстанда соның 35 түрі кездеседі. Оның 12-сі тек қазақ даласында ғана өсетін түр болып саналады.

Әшімхан Қанаев, биология ғылымдарының докторы, профессор:

- Біздің генетиктер осы қызғалдақ түрлерін асылдандырып, голландық сияқты, одан да мықты сорттарын алса екен. Солайша қазақтың атын әлемге асқақтатса деген ойым бар. Құрамында крахмалдың көп болуына байланысты емдік те қасиеті бар екен.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны екенін айтқан болатын. Тіпті қызғалдақ Еуропа елдеріне Ұлы Жібек жолы арқылы қазақ даласынан жетті деген де бар. «Бұл – біз үшін мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік», – дейді белгілі жазушы Мархабат Байғұт.

Мархабат Байғұт, жазушы, Түркістан облысының құрметті азаматы:

- «Қыз – қызғалдақ, қызғалдақ – қыз» дейді. Мұның дәурені – қыз дәурен сияқты аз ғана уақыт. 15 сәуірде гүлдейді, 25 сәуірде солады. Бұл – сұлулықтың символы, гүлдің патшасы, қыздың теңеуі, қыздың көркі. Қызғалдақты қыздай сақтайық, қыздарды қызғалдақтай қадірлейік, жұлмайық.

Дәстүрлі шара барысында театрландырылған қойылымдар мен сазды-хореографиялық көріністері қойылды. Сондай-ақ жас қаламгерлер мен композиторлар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жиналған жұрт «Қызғалдақ сарайы» облыстық суретшілер көрмесін тамашалап, шара Шұбайқызыл шоқысына жалпыхалықтық саяхатқа ұласты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ...