Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында мәнерлеп сырғанаудан турнир басталды

Мәнерлеп сырғанаушылардың сайысына еліміздің әр өңірінен 150-ге жуық өрен қатысып жатыр.

Тартысты турнирдің тағылымды тұсы да аз болған жоқ. Төрт айналымдық сальхов жасап, әлемді аузына қаратқан Элизабет Тұрсынбаеваны дүбірлі додаға қатысушы балғындар асыға күтті.

Мұз ханшайымы әсемдікпен астасқан сүйікті қойылымдарының бірін мүдірбей билеп шықты. Шын шебер деп осыны айт. Оның өнеріне деген құрмет пен ыстық ықыласты қаумалаған жанкүйердің жылы лебізінен байқадық.

Элизабет Тұрсынбаева, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

- Менің бүгінгі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жарысқа қатысушы, мәнерлеп сырғанауға қызығушы балалар өте көп. Сайыс дәл осындай жоғары деңгейде өтеді деп ойлаған жоқпын. Осындай қолдаудың арқасында алдағы халықаралық жарыстарда жеңіске жетуге тырысатын боламын. Елімнің намысы мен абыройын асқақтату – басты арманым.

Жарысқа 6-17 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысып жатыр. 8 жастағы Нариман Молдабектің мәнерлеп сырғанауға машықтанып жүргеніне бір жылдай болса да аймақтық жарыстарда бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрінген.

Нариман Молдабек, жарысқа қатысушы:

- Мен мәнерлеп сырғанаумен айналысқым келеді. Өйткені Элизабет Тұрсынбаева сияқты чемпион атанғым келеді. Риттбергер, сальхов, аксель, тулуп, флип элементтерін жасай аламын.

Лариса Давыдова, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы /Қызылорда/:

- Қазақстан үшін, қызылордалық жастар үшін Элизабет алға жетелеуші, жол сілтеуші жұлдыз дер едім. Біз оны мақсат тұтамыз, әрқашан қолдаймыз. Бұл турнир балалардың шеберлігін шыңдауға, мәнерлеп сырғанауды дамытуға мүмкіндік береді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Пышақтың жүзіндей конькимен мұз үстінде ойнай салу оңай емес. Алайда мына балғындар күрделі элементтерден де жүрексінбейді. Есімі тарихта алтын әріптермен қашалған Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған турнирдің түпкі мақсаты да жаңа дарындарға жол ашу және олардың арасынан нағыз чемпиондар шығады деп сенеміз.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов