Хабар телеарнасы

Соңғы жылдары аң-құстардың миграциясы қалай өрбіп жатыр?

Алдағы күзде Барсакелместен Үстірт қорығына 40 бас құлан әкелінбек. Сонымен қатар осы Үстіртте былтыр алабарыстың мекендейтіні дәлелденген болатын. Мамандар жыртқышты «Қызыл кітапқа» енгізіп, оны көбейту үшін жауапты министрлікке ұсыныс жолдады. Биыл өңірде сирек кездесетін құс санының өсімі де байқалған. Елімізде көктемгі құс аулауға тыйым салынғалы 3 жылда үйрек саны 170 мыңға, ал қоқиқаз бен аққу 15 мыңға жеткен.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Бұл жерді құстардың аялдамасы деуге болады. Жыл сайын осы Қаракөл арқылы 20 мыңнан астам құс ұшып өтеді екен. Мысалы үйрек, аққу сияқты құстар осы жерді қыстап шықса, кейбір қанаттылар тек күш жинау үшін осында аялдайды. Әдетте 2-3 күн аялдап, күш жинап алған соң ұшып кететін қоқиқаздар міне 1 айдан астам уақыт болды, әлі осында. Көлге керемет көрік беріп тұр.

Ақтаудың іргесіндегі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа биыл 5 мыңға жуық қоқиқаз қонақтаған. Қызыл түсті экзотикалық құстар мыңдаған шақырымды артқа тастап, Жерорта теңізінен ұшып келген. Олар мұнда тәулік бойы мемлекеттің қорғауында.

Соңғы жылдары еліміздің су айдындарында қанаттылардың саны күрт төмендеп кеткен. Осыған орай 2016 жылдан бастап көктемгі құс аулауға қатаң тыйым салынды. Мамандар бұл тыйымның нәтиже бере бастағанын айтады. Биылғы санақ жұмыстарының қорытындысы бойынша үйрек саны 170 мыңға жеткен. Өкінішке қарай, сирек кездесетін құстарды қолды етушілер әлі де тыйылмай тұр. Былтырдан бері 20 адам құс атамын деп құқық қорғаушылардың қолына түсті. Тиісті жазасын алды.

Ғаббас Досатов, Орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Қаракөл көлінде 2017 жылы 20 бас үйректі заңсыз атқан жеке тұлға ұсталып, оған айыппұл салынды. Бізде бір үйрекке салынатын айыппұлдың бағасы 5 АЕК көлемінде. Ол 12 мың теңгенің шамасында. Қаумалдың ішінде заңсыз аулағаннан кейін айыппұл бірнеше есе көбейеді.

Ғалымдар биыл аң-құстарды көбейту мақсатында аймаққа құлан әкелуді жоспарлап отыр. Бастапқыда Барсакелместен 40 құлан әкелінбек. Біраз уақытқа дейін арнайы қоршауда, инспекторлардың жіті бақылауында болып, жерсінген соң табиғатқа жіберіледі.

Ғаббас Досатов, Орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Маңғыстау облысына 1991 жылы 31 бас құлан жіберілген болатын. Ол Маңғыстауға жерсініп, 150 басқа дейін көбейді. Бірақ 90-шы жылдары қорғау жұмыстарының әлсіреуіне байланысты құландар азайып, кейіннен Маңғыстауда кездеспеген болатын.

Үстіртте жыртқыштардың саны да, түрі де артып келеді. Былтыр испекторлардың фототұзағына алғаш рет қыркүйекте, кейін қараша айында алабарыс түскен болатын. Ол көрші Түркіменстандағы Балқан тауларынан келген деген болжам бар. Қазір алабарыс санын анықтау үшін бірнеше фототұзақ қойылды. Сондай-ақ оны «Қызыл кітапқа» енгізу үшін тиісті министрлікке ұсыныс жолданды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев