Хабар телеарнасы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы екі халықаралық университеттің грантын жеңіп алды

Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Селимжан Чалышкан екі бірдей халықаралық университеттің грантын жеңіп алды. Оның бірі – әйгілі Гарвард университеті, екіншісі – Абу-Дабидегі Нью-Йорк университеті.

Селимжан Чалышкан – Зияткерлік мектептің дарынды оқушыларының бірі. Қазақстанның биология пәні бойынша олимпиадалық командасына кірген ол бұған дейін бірнеше халықаралық білім байқауында жоғары нәтиже көрсеткен. Ғылыми жетістіктерінен бөлек зағип жандарға арналған «Оқып көр» инновациялық жобасы республикалық байқауда үздік деп танылған еді.

Раушан Бугуева, Назарбаев Зияткерлік мектебі биология пәнінің мұғалімі:

- Селимжан – ізденімпаз, табанды, еңбекқор оқушы. Алдына бір мақсат қойса, сол мақсатқа жетпей қоймайтын оқушы. Сонысымен мақтанамын. Сол жеке қасиеті оны осындай биік шыңға алып шықты деп ойлаймын. Өйткені Гарвард университетіне түсу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Әлемге әйгілі Гарвард университетіне түсу расымен де оңай емес. Мәселен, былтыр 43 мың үміткердің 2 мыңы ғана арманына қол жеткізген. SAT Subjekt Tests халықаралық емтиханында көрсеткен жоғары нәтижесі үшін Гарвард университеті Селимжанға арнайы шақырту жіберіпті.

Селимжан Чалышкан, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы:

- SAT Subjekt Tests бойынша 1600-ден 1480 балл алдым. Математика мен биологиядан 800 сұрақтың барлығына дұрыс жауап бердім. Химиядан 470 ұпай алдым.

Сондай-ақ Селимжан биыл Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің толық грантына ие болды. Әлемнің ең дарынды жастары білім алатын жоғары оқу орнына үміткерлердің 3% ғана қабылданады. Селимжан наурызда университеттің шақыруымен білім ордасына барып, жұмысымен танысып қайтыпты. Енді ол осы екі оқу орнының бірін таңдайды.

Селимжан Чалышкан, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы:

- Мен әлі шешкен жоқпын. 1 мамырға дейін жауабын беру керек. Менің ойымша екі университет те өте мықты. Яғни әрбір университеттің артықшылықтары мен кемшіліктері бар.

Айта кетейік, өткен жылдың соңында физика-математика Зияткерлік мектебінің тағы бір оқушысы Ақназар Қажымұрат халықаралық емтиханнан ең жоғары 2400 балды жинап, Гарвард университетінің грантын жеңіп алған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев