Хабар телеарнасы

БҚО шаруалары енді судан таршылық көрмейді

Осы мақсатқа ел қазынасынан 1 млрд 900 млн теңге жұмсалады. Енді биылдан бастап көрші елге тәуелділік 30% азаймақ. Бұл Жайықтың суын Казталов ауданындағы Қараөзенге қосудың нәтижесінде мүмкін болды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Жайық пен Қараөзеннің арасы 220 шақырым. Оның 40 шақырымы, яғни Киров су қоймасына дейінгі аралыққа тіршілік нәрі өз жолымен барса, одан арғы 160 шақырым канал тазаланды. Ал 20 шақырым канал жаңадан қазылды. 2011 жылы басталған осы жұмыстардың нәтижесін, игілігін ел көретін күн де міне келіп жетті.

Қараөзен арнасы көктемде қар суымен толықса, жазда Еділдің суы сорғы стансалары арқылы жоғарыға жетеді. Енді осы Еділдің суына Жайық суы қосылған тарихи сәттің куәсі болған тұрғындар келешектен зор үміт күтеді. Өзен жағалағанның өзегі талмас. 180 шақырым арнаның аршылуы ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін бермек. Жобаны іске асыру арқылы суармалы алқаптарды арттыруға мүмкіндік бар.

Нәбіл Мұхамбетқалиев, Қараөзен ауылының тұрғыны:

- Суды бұрын Ресейден алатынбыз. Жіберсе қуанып қаламыз. Жібермей қалатын кездері де болды. Қыстақтар көшіп, су жағасында тентіреп жүретін еді. Қазір жақсы болды.

Әбдірахим Айтуғанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Болашақта сүрлем салу жоспарым бар. Осы судың келуіне байланысты жоспарлап жатырмыз. Ең бірінші 50 гектар жерден су жіберіп, сүрлем жүгері еккім келеді.

Жобаның негізгі мақсаты – Ресей суына тәуелділікті азайту. Өйткені БҚО оңтүстік аудандардың қажеттілігі үшін жылына көрші елден 85 млн текше метр су сатып алады. Оған 1 млрд 800 млн теңге кететін еді. Енді осы қаржының ширегі үнемделмек.

Нұрболат Жұмағалиев, «Қазсушаруашылығы» РМК БҚО филиалының директоры:

- 20-22 млн текше метр Ресейден келетін суды үнемдеп, Жайықтың суын, яғни тегін суды құйып отырмыз.

Су ресурстарын тиімді басқару жұмыстары мұнымен бітпейді. Алда сыйымдылығы 30 млн текше метрлік Жалпақтал су қоймасын салу көзделген. Осы арқылы көктемгі су тасқынының қатерін азайтып, жазда суды жоспарлы жіберуге болады. Одан соң «Азынабай-Тайпақ» суландыру жүйесі қалпына келтірілмек.

Алтай Көлгінов, БҚО әкімі:

- «Азынабай-Тайпақ» жобасы да өте маңызды. Айтар болсақ сол аймақтарда 300 мың гектар жер игерілмей жатыр. Неге? Себебі су жоқ. Бұрын ол жерде су болған. «Азынабай-Тайпақ» қазір істемей тұр. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру үшін жобалау жұмыстарын бастап кеттік. Жасайтын болсақ, мал шаруашылығында үлкен мүмкіндіктер ашылады.

Суландыру жүйелерін қалпына келтіру арқылы суармалы алқаптар мен көлтабандар көлемі күрт көбеймек. Өз кезегінде бұл өңірдің экспорттық әлеуетінің еселенуіне әсер етері сөзсіз.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов