Хабар телеарнасы

Қазақстан – Өзбекстан шекарасында «Орталық Азия» халықаралық орталығы ашылады

Нысан тұтас Орталық Азияның өзара тауар айналымын арттыруы тиіс. Ташкентте қос елдің президенттері осындай келісім жасасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев энергетика, су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға және қорғанысқа баса көңіл бөлуге уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыстардың негізін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қалағанын атап өтті. «Менің мақсатым – соны әрі қарай дамыту», – деді Президент.

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевтің бұл сапарды ұйымдастыруға ерекше мән бергені көрініп тұр. Ұшақтан қарсы алу міндетін премьер-министрі мен Ташкент мэрі және бір топ министрге жүктегенімен, маңайы көкпен көмкерілген Көксарай резиденциясында әріптесін өзі ресми түрде күтіп алды. Үкімет мүшелері мен Өзбекстанда жұмыс істейтін дипломатиялық корпус өкілдері де осы жерге жиналды.

Қазақстан – әлемдік саясаттағы салмағы зор әрі экономикалық жағдайы қалыпты мемлекет. Жер аумағына шаққанда халқы аз болғанымен қойнауындағы несібесі ешкімнен кем емес. Өзбекстан сол қазба байлықтың біршама бөлігін ақшаға сатып алып келеді. Біз мұнай берсек, ала шапанды ағайын керісінше көгілдір отын ұсынады. Астығымызға да көрші елдің нарығында сұраныс өте жоғары. Сан түрлі саладағы әріптестікті тізе берсек ұзынсонар.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Құрмет қарауылы, президенттік оркестр, қызыл кілем. Мұның бәрі жоғары мәртебелі қонаққа көрсетілетін құрмет. Оның үстіне Қасым-Жомарт Тоқаев – жаңа Президент. Сондықтан оған деген құрметтің шексіз болуы заңдылық. Көксарайдың сыртындағы сән-салтанат ішінде де жалғасты.

Салтанатты қол алысу рәсімінен соң президенттердің алғашқы келіссөзі басталды. Қозғалған тақырып сан алуан. Ең өзектісі – соңғы кездері көп айтылып жүрген сабақтастық ұғымы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Күн тәртібіндегі сұрақтарға қатысты тиімді пікір алмасамыз деген үміттемін. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы еңбегінің арқасында екіжақты байланыс дамыды. Ал Сіз Президент ретінде бұл істі одан әрі нығайтып, жаңа деңгейге көтердіңіз. Екіжақты қарым-қатынасымызға берген бағаңызбен келісемін. Менің міндетім – осы серіктестікті сақтап, одан әрі дамыту. Осы мақсатта еңбек ете беремін.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Сіздің алғашқы мемлекеттік сапарыңызды Өзбекстаннан бастағаныңызды жоғары бағалаймыз. Сізді тағы бір мәрте Қазақстан Республикасының Президенті атануыңызбен құттықтаймын! Қазақстан – көршілес мемлекет әрі сенімді серіктес. Соңғы жылдары екіжақты байланыс барлық салада нығайып, жаңа деңгейге көтерілді. Осы сәтті пайдаланып Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ыстық ықыласымды білдіргім келеді.

Ал бұл – кеңейтілген құрамдағы басқосу. Дөңгелек үстел басына жиылған мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықты арттыру мәселелерін бір сағатқа жуық талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті Шавкат Мирзиёев! Бүгін Сіздің шақыруыңызбен ат басын Ташкентке бұрдық. Бұл – менің алғашқы сапарым. Бауырлас елге жасаған осы сапарымның мәні терең. «Өз ағам» деген сөз бар. Бұл нақыл сөз бауырластық пен кең пейілділікті көрсетеді.

Қазақстан – Өзбекстан шекарасында «Орталық Азия» халықаралық орталығы ашылатын болды. Осы бағытта президенттер арасында уағдаластық орнады. Бұл нысан арадағы тауар тасымалын дамытуға септігін тигізуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Президент ретінде Үкіметке өзбекстандық әріптестердің сұрауына жылдам жауап беру жөнінде тапсырма беремін. Өзбекстан тарапынан да осындай көзқарас болғанын қалаймын. Бұл ел – бізге бауырлас мемлекет. Үкіметаралық комиссия дәрежесі премьер-министрлердің деңгейіне көтерілетін болды. Министрлер кез келген кедергілерге қарамастан, қоян-қолтық жұмыс істеу керек.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Арадағы тауар айналымының артқаны қуантады. 3 млрд АҚШ долларынан асып қалды. Келер жылдың соңына дейін көрсеткішті 5 млрд-қа жеткізе аламыз деп ойлаймын. Өнеркәсіп саласында, атап айтқанда ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру, жеңіл және жүк көліктерін құрастыру мен жеңіл өнеркәсіп саласындағы әріптестікті арттырып, үшінші мемлекеттерге шығу жайын қарастыратын болдық.

Кеңейтілген құрамда жасалған келісімдер өміршең болмақ. Қос елдің басшысы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру жолында Үкіметке арнайы Жол картасын әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Өйткені оңтүстіктегі көршімізге біз арқылы Еуроодаққа жол ашылады. Ал біз Өзбекстан арқылы Парсы шығанағына шығу мүмкіндігін қарастырамыз. Ұлы Жібек жолы қос тараптың ғана емес, Орталық Азия елдерінің дамуына арқау болып отыр. Өткен жылы екі елдің кәсіпкерлері қатысқан I Өңіраралық ынтымақтастық форумы екі елдің әріптестігіне тың серпін берді. Соның арқасында Қазақстанда 1400-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қос ел жеңіл және жүк көліктерін құрастырып келеді. Алдағы уақытта көгілдір отын мен трансшекараларық өзен суларын ортақ пайдалану жөніндегі жұмыстар жалғасатын болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өнеркәсіп саласындағы кооперацияға баса мән береміз. Егер 2017 жылы Қазақстанда өзбек капиталы бар бірлескен кәсіпорындар саны 900 болса, қазір 1400-ге жетті. Оған жеңіл және жүк көліктерін құрастыру жөніндегі жобалар оң үлес қосып келеді. Дәстүр бойынша транзиттік тасымал саласында да пікір алмастық. Арада жолаушылар тасымалы көбейді. Әуе рейстері көп. Қосымша тағы да ашуға уағдаластық.

Түбі бір туыс елдердің саяси һәм экономикалық және мәдени ықпалдастықтары жыл өткен сайын тереңдеп келеді. Ендігі жерде бұл байланыс одан әрі тереңдей түседі. Ол үшін үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар бекітілді. Атап айтқанда көші-қон, дін істері және экономикалық саладағы әріптестікті нығайту жөніндегі ортақ келісімдер жасалды. Ал президенттер осы құжаттарды нәтижелі жүзеге асыру үшін бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Мемлекет басшысының сапары осындай маңызды мәмілелерге толы болды. Қорғаныс саласында екіжақты келісім орнады. Алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан әскери ынтымақтастықты арттырып, маман даярлау ісін бірлесіп ілгерілетпек.

Авторы: Рауан Мыңбаев