Хабар телеарнасы

Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл

Себебі дәл осы күні Қазақ ғылым академиясының алғашқы президенті Қаныш Сәтбаев өмірге келген. Биыл ғалымның туғанына 120 жыл. Қазақстандағы металлогения мектебінің негізін қалаған Қаныш Имантайұлының бастамасымен елімізде қаншама ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қазір олардың саны 300-ге жуықтайды. Ал онда еңбек ететін ғалымдар ел экономикасын дамытуға қаншалықты үлес қосып отыр? Жалпы отандық ғылыми институттардың қазіргі тыныс-тіршілігі қандай?

Бұл көне үстелде 5 бірдей академик көз майын тауысып, талай ғылыми жаңалықты өмірге әкелген. Қазіргі жас ғалымдар да сол алдыңғы толқын салған сара жолдан адасқан жоқ. Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен осыдан 60 жыл бұрын құрылған Қарағандыдағы химия-металлургия институты бүгінде өңірдегі барлық кәсіпорынның тапсырысымен жаңа технологияларды ойлап табады. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын мұндағы мамандар мұнай-газ саласына қажетті өте жоғары сапалы болат қорытпасын алған. Х-80 деп аталатын құрыштың бұл құнды маркасын бұған дейін шетелдік ғалымдар да бірнеше рет қорытып көрген, бірақ нәтижесіз.

Әбілқасым Ахметов, химия-металлургия институтының зертхана меңгерушісі:

- Қазақстандағы кен орындарының іске қосылғанына 70-80 жыл болды. Олардың сапасы құрып кетті. Біздің мекемелерден шыққан өнімнің сапасына сұраныс биіктеп кетті. Сондай бір қайшылық бар. Ол өте қиын. Оны ғылыми-зерттеусіз, ғалымдарды қоспай шеше алмайды.

Институт ғалымдары жыл сайын шамамен 400 млн теңгенің тапсырысын орындайды. Оның тең жартысы мемлекет тарапынан, ал қалғаны ірі компаниялардан түседі. Бірақ бұл табыс ғылыми институттың жұмысын жандандыруға жеткіліксіз. Сондықтан қазір олар ақша табудың оңтайлы жолдарын ойластырып жатыр. Ол үшін ғылымды коммерцияландыру туралы арнайы заң да қабылданған. Енді жуырда химия-металлургия институты өздерінің жеке зауытын салмақшы.

Сайлаубай Байсанов, химия-металлургия институтының директоры:

- Егер соны жақсы жолға салып жіберсек, бұл институттың үлкен бір табысы болмақшы деп отырмыз. Өзімізде мамандар пайда болып, жұмыскерлеріміз, инженерлеріміз, мастерлеріміз болады. Институтта жаңадан ашылған керемет технологиялар көп. Солардың барлығын бірте-бірте іске асыра берсек, институт өз аяғынан тұрып кетеді деп ойлаймын.

Үлкен ғылыми институттар осылайша күн көрсе, жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың көптеген өнертабысы өкінішке қарай өндіріске енбей, қағаз күйінде қалып отыр. «Ғылым мен бизнестің арасы алшақтап кетті», – дейді мамандар. Мәселен, қарағандылық биолог Гаянэ Погосян қандағы қатерлі ісікті емдеудің тың әдісін ойлап тапқан. Енді өнертабысына фармакологиялық және клиникалық зерттеу жүргізу керек.

Гаянэ Погосян, Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры:

- Кез келген ғылыми жұмыс үлкен шыдамдылықты, ұзақ уақытты талап етеді. Тыңғылықты зерттеу жүргізу керек. Ал біздің қалталылар бірден нәтижесін сұрайды. Зерттеу жұмыстарына ақша салғысы жоқ.

Ал Маргарита Есмұратова болса сұйық азот арқылы дәрілік өсімдіктер тұқымын ұзақ уақыт сақтауға болатынын ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Бірақ қызығушылық танытып отырған бизнес өкілдері жоқ. «Сондықтан ғалымдар мен кәсіпкерлердің арасында іскерлік байланыс орнату керек», – дейді мамандар. Себебі еліміздегі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын алға сүйрейтін бірден-бір күш осы болса керек.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин