Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы маңғыстаулықтармен кездесуінде осыны айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік көмекпен ғана күн көретін кей адамдардың қызмет қылуға келгенде кежегесі кейін тартып тұратынын тілге тиек етті. Президент мұндай қылықтан ада болуға шақырды. Одан бөлек «жоғарыдағыларға жалтақтап, жарамсақтана беруді доғару керек» деді.

Кесімді сөз айтып, кері кеткенді тәубесіне түсіретін қасиет бар қазақта. Жатты жатырқамай, жарасым тапқан елміз. Көне салтты киелі Маңғыстау жұрты мықтап ұстанады. Президентпен кездесуді ақ сарайда өткізгені де сондықтан болар. Мемлекет басшысы әңгіменің әлқисасын қазаққа жат қылықтарды жіпке тізуден бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев ысырапшылдыққа бой алдырып жатқанымызды анық аңғартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Мемлекет қаржысын қатаң қадағалап, ысырапшылдықтың алдын алу керек. Біздің кейбір әкімдеріміз бен министрлеріміз бюджетке таусылмайтын қоржын ретінде қарайды. Бізде тиімсіз шығындар өте көп. Мәселен, мерекелік шараларды әбден жақсы көретін болдық, қымбат автокөліктерді молынан сатып алатын болдық, қызмет кабинеттерінде керемет жөндеу жұмыстарын жүргізетін болдық. Осындай келеңсіздікке тосқауыл қоямын. Көрпемізге қарай көсілу керек.

Қолда бардың қадірін білмеудің түбі құрдымға кетіреді. Мемлекет басшысын қынжылтатын бұл ғана емес. Президент мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажыратудан қалып бара жатқанымызды сөз етті. Қасым-Жомарт Тоқаев енжарлықтың жарға жығатынын ескертіп, көпшілікті осы әдеттен арылуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап, өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен солардың өздеріне жұмсау қажет. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер мемлекеттің тірегі. Ол халықты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға көмектеседі.

Бізде жоғарыдағыларға жарамсақтану дейтін тағы бір жағымсыз қылық бар. Мемлекет басшысы өз суреттерін қаладағы билбордттарға жаппай іліп тастаған жергілікті шенділердің олқы әдетін сынап тастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- В Актау поставили более 10 билбордов с моим изображнением. Считаю что это совершеннно неуместно. Я не нуждаюсь в такой пропоганде. К чему такая административная ретивость? Затраченое средство надо было направить на социальные объекты.

Абай айтқан бес әдетке асық болуды үндеген Мемлекет басшысы өңірдегі қордаланған біраз жайтқа да тоқталды. Әсіресе, Жаңаөзен қаласының қазіргі кейпі көңіл көншітпейді. Аймақта жұмыссыздық белең алған. Қол қусырған жастар көп. Оларды еңбекпен қамту көрсеткіші тым төмен. Сондықтан Президент: «Бұл мәселені дереу шешу керек», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Өңірдегі тағы бір маңызды мәселе – Жаңаөзен қаласын дамыту. Бүгінгі таңда қала халқының саны 151 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш жыл сайын 2,2% артуда. Негізгі міндет – қала тұрғындарын жұмыспен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Бұл мәселе бойынша Үкімет кешенді жоспарын әзірледі. Оны міндетті түрде жүзеге асыру керек.

Жағдайы жұтаң жандарды жұмыспен қамтудың ұтымды әдісі – кәсіп ашып, нәсіп қылу. Президент тұрмысы төмен отбасылардың бизнеспен айналысуы үшін оларға төмен пайызбен несие беру керектігін айтты. Қазір өңірде «Бизнес 3 күнде» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бір айдың ішінде аталған бағдарламаның игілігін 100-ге жуық адам көріп үлгерген.

Гүлсім Әлшораева, көпбалалы ана:

- Жуырда ғана өңірімізде бастау алған «Бизнес 3 күнде» жобасының арқасында мен шағын кәсібімді дөңгелетіп кеттім. Үйде отырып-ақ нан өнімдерін, тәтті тоқаштар, үй тағамдарын пісіремін. Мен ешқашан да өзімнің жеке брендім болады деп ойлаған емеспін. Мұндай мүмкіндік туғызған ел ағаларына және Елбасына алғысым шексіз.

Толайым табыс барда тұрақтылық бар. Межесі айқын елдің кежегесі кейін тартпасы тағы анық. Мемлекет басшысы біздің ел Елбасы салған сара жолмен дами беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Елбасы тарихи шешім қабылдап, Қазақстан өркендеудің жаңа сатысына қадам басты. Біз Тұңғыш Президент айқындап берген стратегиялық мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды одан әрі жалғастыра береміз. Осы жылдар ішінде егемен еліміздің саяси басқару жүйесінде сабақтастық дәстүрді қалыптастырдық. Елімізді одан әрі ілгерілетіп, дамыту – біздің алдымызда тұрған маңызды міндет.

Ашықтық пен әділдік. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұстанымын аймақ жұртшылығы да қолдап отыр. Олар: «Атқамінерлердің жұртпен етене жақын араласуы күрмеулі мәселелерді көп күттірмей шешуге септеседі», – дейді.

Әсем Сартбаева, журналист:

- Жақында ғана сіз жастарға қарай үлкен қадам жасадыңыз. Әлеуметтік желілерде ресми парақшаңызды аштыңыз. Бұл – халықпен тікелей диалог. Әлемде тренд болып тұрған The Open University тәжірибесін елімізде кеңінен қолдануға шақырамыз. Ол – университет профессорларының сабағын үйде отырып-ақ оқу. Әсіресе, шалғай жатқан елдер үшін пайдалы.

Облыс жұртымен жолыққан мемлекет басшысына, елдің іргесін қалап, еңсесін түзеген Елбасына бұқараның айтар алғысы мол. Өңір басшылығы: «Президент жүктеген тапсырмалар кезек күттірмей орындалады», – деп сендірді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары осымен аяқталды. Президент алқалы жиыннан кейін, бабалар бейітіне барып, зиярат етті.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев