Хабар телеарнасы

Кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады

Ал кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады. Яғни, 11 мамырда Орталық сайлау комиссиясы тіркеген кандидаттар сайлауалды үгіт жұмыстарын бастайды.

Әлқисса, Президенттікке үміткерлерді бүгіннен бастап 28 сәуірге дейін ұсына алады. Ал 11 мамырда Орталық сайлау комиисясы оларды тіркейді. Содан кейін 28 күн бойы олар сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізеді.

Константин Петров, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптар, Қазақстанда туылған, соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрған, жоғары білімі бар, жасы кемі 40-та болуы шарт. Одан бөлек, мемлекеттік қызметте кемі бес жыл жұмыс істеген, қазақ тілін еркін меңгерген азаматтардың кандидаттығы қабылданады.

Негізгі талабын естідік. Тағы бір жайт, Президенттікке азаматтар өзін-өзі ұсына алмайды. Біздегі заң бойынша Қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Олар, саяси партиялар, кәсіпітік одақтар мен азаматтардың құрған ұйымдары. Кандидат кемі 118 мың қол жинау керек. Қол жинаумен өзінің сенімді адамы айналыса алады. Тағы бір шарт, кандидат 2 млн 125 мың теңге сайлау жарнасын төлейді. Бұл жарна егер ол Президент болып сайланып жатса немесе халықтан 5% астам дауыс жинаса қайтарылады. Отандық ақпарат құралдары арқылы сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен әр кандидатқа 7,5 млн теңге бөлінеді.

Сабила Мустафина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

- Мемлекет кандидаттарға сайлауалды үгіт бағдарламаларын ақпарат құралдарында жүргізу үшін бюджеттен қажетті қаражат бөледі. Барлық кандидатқа бірдей уақыт беріледі. Радиоға 10 минут, телевидениеге 15 минут, 540 см көлемінде екі тілде мақала басуға рұқсат бар. Сондай-ақ ол қаржы кандидаттардың жұртшылық алдындағы іс-шаралары мен үгіт-насихат материалдарына, сайлаушылармен кездесуіне, транспорттық шығындарына жұмсалады.

Хош, сонымен кандидаттарды тіркеу 11 мамыр күні сағат 18:00-де аяқталады. 11 мамыр мен 7 маусым аралығында үміткерлер үгіт-жұмыстарын жүргізеді. 8 маусым тыныштық күні. Ал 9 маусым таңғы сағат 7-ден кешкі 8-ге дейін барлық қазақстандықтар дауыс береді. Дауыс беру уақыты аяқталысымен 12 сағаттың ішінде қай кандидат қанша дауыс жинағаны есептеледі. 10 маусымда сайлаудың алдын-ала қорытындысы жарияланады. 16 маусымда Орталық сайлау комиссиясы сайланған Президентті тіркейді.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Абдулла Исаев