Сарапшылар пікірі: Президенттік сайлау – әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықтың кепілі

Арнамызға сұхбат берген бір топ саясаттанушы мен сарапшылар осылай пікір білдірді.

Сарапшылар Президенттің бүгінгі шешімі туралы не деп жатыр?

Айбар Төлжанұлы, тілші:

- Сарапшылар: «Ертеңге елеңдемей, ел экономикасының дамуына еңбек ету үшін кезектен тыс сайлау керек», – деп отыр. Қарапайым халықтан бастап еліміздегі ірі бизнесмендер мен инвесторлардың көкейінде «Алдағы уақытта тұрақты түрде қай Президентпен жұмыс істейміз?» деген сұрақ бар. Екіншіден, сайлау өткізу арқылы көптеген мәселенің түйіні тарқатылады. Үшіншіден, келер жылы халық санағы өткізіледі. Сайлау науқаны сол санақпен қабаттаспау үшін де биыл өткені жөн. Сарапшылар да, тіс қаққан саясаткерлер де осыны айтып отыр.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:

- Қоғамға болып жатқан саяси үрдістерге толық түсініктеме беріп, алдымыздағы саяси процестің тұрақты келе жатқанын анық көрсетеді деп ойлаймын. Яғни 19 наурызда жүзеге асқан билік ауысу үрдісінің нақты жалғасуы болып, соған байланысты туындаған сұрақтарға нақты жауап беріліп, нүкте қойылады деп ойлаймыз.

Әлемге әйгілі Financial Times газеті биыл әлемдік экономика тежелетінін жазды. Тоқырау емес, бірақ жаһанның сауда-саттығы саябырсиды. Мысалы Еуропалық одақ елдері экономикасының индикаторы саналатын Германияның Экономика және энергетика министрлігі елдің өсімін 2019 жылы болжанған 8% бірден 1% дейін төмендетіпті. Бұған Brexit пен АҚШ – Қытай сауда-саттық соғысы себеп. Еуроаймақ экономикаларының өсімі 1,3% дейін төмендейді. Осы орайда ел экомномикасының тұрақты дамуына үлес қосып келе жатқан шетелдік инвесторлардың көкейінде «Ертең қай Президентпен, нақты қандай заңдармен жұмыс істейміз?» деген сұрақ болмауы керек.

Жалпы қандай кезең болмасын, инвесторлардың легі тоқтамауы қажет. Мұны еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі айтып келеді. Бізге сұхбат берген сарапшылар: «Қазақстан экономикасының бүйірін бұлтитып отырған инвесторлар ертеңгі күніне алаңдамай еңбек етуі тиіс», – дейді. Ол үшін әрине биыл, ел президентін сайлап алуымыз керек.

Талғат Қалиев, саясаттанушы:

- Бүкіл елге де, халыққа да, шетелдіктерге де нақты сайлаудан өткен Президент керек. Бес жылға. Бәрі біліп отырады. Нақты сайланған Президент бар. Заңдар бар. Сондықтан сайлау тез өткені дұрыс болады.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы:

- Халықаралық бизнес қауымдастығына нақты жауап керек. Екіншіден бұл – қаншалықты дегенмен уақытша билік. Яғни бұл биліктің транзиті вегетинді билік болып есептелмейді.

Ал экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов: «Дер кезінде шешім қабылданып, дер кезінде Президент сайланбаса, ірі инвесторлардың сенімі кетеді», – дейді. Сондықтан кезектен тыс сайлау өткізу өте дұрыс шешім деп отыр.

Рахман Алшанов, Экономика ғылымдарының докторы:

- Нақты шешім қабылдап, дер кезінде орындалмаса, оны бақыламаса, халық күмән туғызады. Оған билік керек. Сырттағы елдер де қалай болады екен деп отыр. Инвестиция – сенім ақшасы. Саған сенбейтін болса, келмейді. Халықтың саяси деңгейі өсті. Елдің бәрі қалай болып жатқанын көрді. Халықтың жауапкершілігі өсті. Соған байланысты ешқандай күмән жоқ. Сайлаудың жақсы өтетініне ешқандай кедергі болмайтын сияқты.

Бәрін айт та, бірін айт. Кезектен тыс Президент сайлауы Қазақстан экономикасы үшін, елдің мүддесі мен халықтың әл-ауқатының тұрақты дамуы үшін өткізіледі. Бастысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әділ әрі ашық өтетін болады. Оған өзі кепілдік беріп отыр.