Кезектен тыс Президент сайлауы елдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайту үшін қажет

Себебі елдің болашағы жолында нақты шешімдер қабылдануы керек. Оның үстіне біздің биліктің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері бар. «Осыған дейін Тұңғыш Президент – Елбасы бастап берген сол бағдарламаларды сәтті атқаруға айқындық қажет», – дейді сарапшылар.

Бүгінгі қым-қуат заманда уақытша дүние болмауы керек. Тамырың әлсіз, бағытың белгісіз болса, мына алмағайып, аласапыранда адасып кетуің түк қиын емес. Оған қарт тарих куә. Әсіресе билік транзиті деген тәуекелге түскен тұста Қазақстан үшін қазір ең қажеті – тұрақтылық. Қасым-Жомарт Тоқаев осы күрделі үрдісті мәресіне жеткізуді меңзеді. Бұл шешім турасын айтқанда қоғамды алакөңіл етпеудің қамы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кеңесіп, келісіп, биліктің жоғарғы тармақтарымен ақылдасып барып қабылданған бұл шешімді көпшілік күтті.

Әділ Ахметов, Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Халқымыздың көзі ашық, көкірегі ояу. Әлеуметтік желі өте екпінді жұмыс істеп тұр. Сондықтан халық бәрінен де хабардар. Енді ары қарай осы басталған тұрақтылықты нығайту үшін, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды түзеу үшін, дамыту үшін тұрақты билік болуы керек. Екіұдайлық болмауы керек. Міне осы тұрғыдан алғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үндеуі елдің, азаматтарымыздың, жастардың да мүддесінен шығады.

Сайлау 9 маусымға белгіленді. Ел үшін ең мамыражай мезгіл. «Оның үстіне дәл қазір қоғам да күрделі саяси науқанға толық дайын», – дейді сарапшылар. Әлеуметтік салада ауқымды реформалар басталды. Мысалы көпбалалы аналарға жәрдемақыны дұрыс төлеу, бюджет қызметкерлерінің ең төменгі жалақысын көбейту, арзан бағамен жалдамалы үйлерді салып, тапсыру секілді ізгі істер қазір қарқынды жүзеге асып жатыр. Қазақстанның ішкі бірлігіне сынақағар оқиғалар мүлде жоқ, ал сыртқы саясаттағы көпвекторлық ұстаным ұтымдылығын дәлелдеп берді. Яғни дәл қазір сайлау өткізу барлық жағынан қолайлы.

Дәурен Бабамұрат, саясаттанушы:

- Осы жиырма күннің ішінде саяси партиялардың, халықаралық инвесторлардың, елдің ішіндегі ірі экономикалық ойыншылардың, тіптен халықтың арасында да неше түрлі талқылау болды. Соның барлығын түйіп келіп, қорытындысын шығаратын болсақ, онда барлығының дейтіні біреу. Яғни тұрақты Президент қажет. Тұрақты Президентті тек қана сайлау ғана анықтайды. Сондықтан бұл жерде сайлау қажет болды.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Жарияланған саяси шешімнің сөлі де осы. Қазір саяси партиялар өз арасынан үміткер таңдайтын жауапты сәт.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

- Жаңа жағдай екені анық. Үлкен сайлауды өткізбекшіміз. Бұл – тыныштықтың, тұрақтылықтың мәселесі.

Бұл – өзгеше сайлау. «Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу – Қазақстанның демократиялық қағидаларды ұстанатынының дәлелі», – дейді саясаттанушы Нұрлан Сейдін.

Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:

- Мемлекет басшысын сайлап алатын болсақ, халықаралық жоғары дәрежелі келісімдерде Қазақстан халқы сайлаған Мемлекет басшысы елімізді таныстырып, оның алдағы іс-әрекеттерін, қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндіктер береді.

Үндеуі барысында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың осы нақылын еске салды. Қазақстан өз тәуелсіз тарихында ынтымаққа ынтық, бірлікке бекем болудың және келісімнің керек екенін түсінді. Сондықтан алдағы күндегі саяси сындардың сүрінбей өтеріне біз сұхбаттасқан сарапшылардың ешқайсысы күмән келтірген жоқ.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Нұрлан Оспанәлі