Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында «3 күнде бизнес» шарасы жүзеге аса бастады

Маңғыстау облысында елімізде әрі көрші мемлекеттерде баламасы жоқ «3 күнде бизнес» шарасы жүзеге аса бастады. Бұл – облыс әкімдігі мен жеке кәсіпкерлердің тұрмысы төмен отбасыларын қолдауға бағытталған бірлескен жобасы. Тұрғындардың қандай бизнеске икемі бары анықталып, кәсіптің қыр-сырын үйретеді. Жеке ісін бастауға қажетті құрал-жабдықтарын алып беріп, тауарын сауда нүктелеріне шығаруға көмек беріледі. Барлық қолдау қайтарымсыз жасалады, тек тұрғындардың кәсіп ашуға ниеті болса жеткілікті.

Үш баланың анасы Дана Нұралханованың өмірі түбегейлі өзгерді. Ол қазір үйінде отырып-ақ мол табыс табуда. Кәсіпкерлер сыйға тартқан озық үлгідегі пешпен тәтті нандар мен торттардың түр-түрін пісіріп, сатып жатыр. 6 айлық баласының есімі берілген тауарлар Жаңаөзендегі сауда нүктелерінің сөрелеріне шығарылды. «Отағасының 50 мың теңге айлығы шайлығымызға әзер жететін. Жаңа жоба отбасымыздың табысын арттырып, бизнесті бастауға мүмкіндік берді», – дейді ол.

Дана Нұралханова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Мен бір күннің ішінде 6-7 тапсырыс алатынмын. Қазір 15, одан да көп тапсырыс аламын. Бір күнде 30 мыңның көлемінде табыс табамын. Осындай көп тапсырыс алып, кәсіпкер атанамын деп ойлаған емеспін. Осы жобаның арқасында арманым орындалды. Бұдан да әрі кеңейтіп, кәсібімді үлкейтіп, дамытқым келеді.

Жоба басталғалы 15 күннің ішінде 50-ге жуық отбасы жеке кәсібін ашып үлгерген. Бірі нан мен ет тағамдарын өндірсе, енді бірі киім тігіп сата бастады. Тағы бірі ауласына үй құстарын бағуға кірісті.

Айжан Нұрланова, «3 күнде бизнес» жобасының үйлестірушісі:

- Отбасылардың қандай кәсіпке бейімі барын қараймыз. Бірінші күні анықтаған жұмысымыз бойынша қайтарымсыз, несиесіз сол бизнесті жүзеге асыру үшін қажет тауарды апарып береміз, оның жасалу жолын көрсетеміз. Келесі күндері жасалған дайын дүниеге тауар белгісін дайындап береміз және жабыстырамыз. Сосын дүкендердің, мейрамханалардың сөрелеріне жеткіземіз.

«3 күнде бизнес» жобасы осыған дейінгі әлеуметтік бағдарламалардан мүлдем өзгеше. Көпбалалы аналар, мүгедек балаларды бағып отырған отбасылар мен жұмыссыз жандар үйінде отырып-ақ 3 күннің ішінде жеке ісін бастап кете алады. Оларға несиесіз, кепілсіз, ең бастысы қайтарымсыз көмек беріледі. Табыс туралы анықтама өткізудің де қажеті жоқ. Кәсіп ашуға ынта болса болғаны.

Айжан Нұрланова, «3 күнде бизнес» жобасының үйлестірушісі:

- Басында қаржылай емес, тек тауарларды апарып беруші едік қой. Ал енді ол кісілер екінші этапқа өтеді. Ол кісілер өздерінің бизнестерін әрі қарай дамыту үшін ақшалай бонустар алып отырады. Яғни өзі сияқты 5 адамды аяққа қойса, біз ол кісіге қаржылай көмек көрсетеміз.

Аз ғана уақыттың ішінде жақсы нәтиже көрсеткен «3 күнде бизнес» бағдарламасына шетелдік мамандар да қызығушылық танытуда. Кедейлікті жою, кәсіпке баулудың маңғыстаулық үлгісін көрші мемлекеттер өз тәжірибесіне қолданбақшы.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев