Хабар телеарнасы

Автобус жолақтарында жылдамдық сағатына 40 шақырым болады

26 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында болған қос автобус пен жеңіл көліктің апатынан кейін қала әкімі Бақыт Сұлтанов қоғамдық көліктердің жылдамдығын азайтуға тапсырма берді. Енді автобус жолақтарында жылдамдық сағатына 40 шақырым болады, ал қарама-қарсы бағыттағы жолақта жүретін автобустар жылдамдықты сағатына 30 шақырымнан асырмауы тиіс. Қазір мамандар автобустардың бағдарын түбегейлі қайта қарап жатыр.

Заң бойынша көлік жүргізушілері жылына бір рет толық медициналық тексерістен өтсе, енді екі рет өтетін болады. Автобустарды да техникалық тексерістен жиі өткізеді. Жүргізушілер өз кезегінде ауысыммен ғана жұмысқа шығады. Өйткені қосымша табыс алу үшін күн сайын автобус тізгіндейтін адамның ұйқысы қанбайды, әлсірейді.

Айта кетейік, қаладағы барлық автопаркте күнделікті таңғы сағат 05:00-те жүргізушілер алкотесттен өтеді. Мамандар: «Оларды тексеретін фельдшерлер жеткілікті», – дейді.

Науат Азанбаева, Жеңіл рельсті көлік компаниясының өкілі:

- Барлық медициналық қызметкердің жанына Транспортты бақылау департаментінің мамандарын бекіттік. Осылайша жүргізушілерге тексерісті күшейтпекпіз. Алайда фельдшерлердің барлығы ереже бұзып, яғни масаң күйде жұмысқа келетіндер жоқ деп отыр. Әрбір паркте кемінде 5-6 фельдшер жұмыс істейді. Олар күнделікті жүргізушінің қан қысымы мен ішімдік ішкен-ішпегенін тексереді. Әрбір жүргізушінің тек өз кезегінде ғана жұмысқа шығуын қатаң бақылаймыз.

 

Зардап шеккендердің барлығы емделіп жатыр

Қазір елордадағы №2 ауруханада автобус апатынан зардап шеккен 13 адам емделіп жатыр. Оның екеуінің жағдайы ауыр, қалғанының жағдайы орташа деңгейде. №1 ауруханада бір азамат, нейрохирургия орталығында тағы бір азамат емдік шараларын қабылдауда. Жағдайы ауыр Филиппин азаматына операция жасалды. Дәрігерлер қазір барлық емделушіні палатаға шығарды.