Хабар телеарнасы

Қызылордадағы апаттан кейін МИ-8 тікұшақтарын қолдану уақытша тоқтатылды

Еліміздің Қорғаныс министрлігінің әуе күштеріне жауапты қызметкерлері баспасөз отырысын өткізіп, апаттың себептері мен қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көрсетілетін көмек туралы айтты.

Қазақстан үшін қаралы күн болған, әскери тікұшақ апатының құрбандары жер қойнына тапсырылды. 13 батырдың соңында балалары, жақындары жылап қалды. Қоштасу рәсіміне Қорғаныс министрлігінің лауазымды қызметкерлері қатысып, ізін ала бірден елордаға келіп журналистермен кездесуді жөн санапты. Барлығын бір-ақ сұрақ толғандырады. Неліктен тәжірибелі ұшқыштар бейбіт күнде опат болды? Бірақ «ә» дегеннен себеп атау мүмкін емес. Қазір тікұшақтың қара жәшігі табылып, оған жазылған ақпаратты бас әскери прокуратура анықтап жатыр.

Дәурен Қосанов, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры:

- Бүгінгі таңда тек болжам жасай аламыз. Сондықтан техниканың істен шығуы, адами фактор және қолайсыз ауа райы да апатқа себеп болуы мүмкін. Тікұшақ қалдықтарының шашылған жері мен ауыл тұрғыны, куәгердің сөзінше, экипаж тікұшақты елді мекеннен барынша алыс әкетіп, шаруашылыққа зиян тигізбеймін деп соңына дейін күрескен. Менің пікірім, біздің барлық 13 жігітіміз нағыз батыр.

Алайда үш болжамның ешбірі қисынға келмейді. Себеп. МИ-8 тікұшағы 1988 жылы жасалған. Тозды дейін десең, Алматыдағы авиажөндеу зауытынан күрделі жөндеуден шыққан. Зауыт берген кепіл екі мың сағат ресурсының тек 773 сағатын ұшып үлгеріпті. Ауа райы қолайсыз болды дейін десең, апат болған кемені басқарған екінші сыныпты ұшқыш Роман Костыгов одан да күрделі жағдайларда ұшатындай білігі бар еді. Сондықтан да оның бортына өзімен бірге екі экипаж және жеке құрамның 10 адамы сеніп отырды. «Майор Костыговтан тәжірибесі аз капитандар сәтті қонғанда, тіс қаққан ұшқыштың қателесуі екіталай», – дейді басшылары. Ал себеп анықталғанша апаттың салдарын барынша жеңілдетуге мемлекет қажетті жұмысты қолға алды.

Дәурен Қосанов, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры:

- Әскерилердің отбасыларына бір реттік көмек, яғни оның 5 жылдық жалақысы өтемақы ретінде төленеді. Сондай-ақ егер де марқұмдардың қызметтік баспанасы болса, оны жекешелендіруге рұқсат бар. Ал қызметтік баспанасы жоқ отбасыларға пәтер жалдауға ақша төленіп отырады. Сондай-ақ жерлеуге қажетті барлық шығынды мемлекет көтереді.

Ал дәл осы сағатта қаза болған 13 әскеридің соңғы төртеуінің денесі гендік зертхананың сараптамасынан шығып, елдеріне жеткізілді. Себебі оларды анықтау мүмкін болмады. Ал апаттың нақты себебін атайтын тергеу нәтижелері қашан жарияланатыны әзірге белгісіз.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Дәурен Жұрхабаев