Хабар телеарнасы

Елбасының еуразиялық интеграция идеясын ұсынғанына 25 жыл толды

Идея бүгінде ЕАЭО-ға айналды. Қазір салмақты халықаралық ұйым ретінде жұмыс жасап жатыр. Одаққа 5 мемлекет мүше.

Тоқсаныншы жылдардың басы. Кеңес үкіметі құлаған тұс. Оның құрамында болған әр мемлекет өз бетінше дамуға бет алды. Ол түсінікті де. Бірақ кей салаларға келгенде елдер бір-біріне қолдау көрсету қажеттігі байқалды. Осы тұста Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарым-қатынастың жаңа сапалық деңгейіне ауысу, жаңа бірлестік құруды ұсынды.

Санат Күшкімбаев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

Өзгелер бұл идеяға алғашында сақтықпен қарады. Себебі әр елде зауыт-фабрикалар жабылып, жұмыссыздық, қаражат жетіспеушілігі сынды мәселе туындады. Ондайда алдағы 10-15 жылға болжам жасауды ойламады да. Ал Нұрсұлтан Назарбаев оның қажеттігін сол кезде бағамдады. Ұсыныс пісіп жетілді де, 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құрылды.

ЕАЭО – оған мүше елдердің ұлттық экономикаларын жан-жақты жаңғырту, сол арқылы бәсекеге қабілеттігін арттыруды, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатын көздейді.

Сонымен қазір Еуразиялық экономикалық одаққа 5 ел мүше. Олар Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Армения мен Беларусь Республикасы. Одақ халқының саны 182 млн-нан асса, жер көлемі әлемдік құрлықтың 14% алады.

Ержан Салтыбаев, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры:

- 25 жыл бұрын айтылған идеяны іске асырдық. Экономикалық, кедендік кеңістік жасалды. ЕАЭО толыққанды жүйе болып қалыптасты. Жаңа бағыттар ашылып жатыр. Бірлесіп әрекет етудің тиімділігін біз қазір ғана емес, болашақта да көре береміз.

Еуразиялық экономикалық одақ бүгінде мұнай өнідірісі бойынша әлемде бірінші орын, газ өндірісінен екінші, электр энергиясын шығарудан төртінші орынды иеленеді. Өзге салалар бойынша да алдыңғы бестікте. Мұның бәрі идеядан туған ұйымның қуатын көрсетеді. Ендігі міндет – экономиканы әртараптандырып, шикізаттық емес салада көшбасшы болу.

Авторы: Ердәулет Байдуллаев