Хабар телеарнасы

Павлодар облысында қызыл судан келетін қауіп сейілді

Әзірге елді мекендер саны – 14. Бұл жерлерде екі мыңнан астам халық бар. Десе де, сақтық шаралары күшейтілген. Бүгінде қауіпті аймақтарда 24 сағат бойы жұмыс істейтін жедел штабтар құрылған. Қар суы шайып кететін жолдардың бойындағы құбырлар тазартылды.

Бұл – осыдан екі жыл бұрын болған су тасқынының бел ортасындағы елді мекен. Үйінділер Қарағанды облысындағы Ақжар бөгетінен келетін екпінді суға төтеп бере алмай бұзылған. Салдарынан жүздеген түтін су астында қалды.

Сол оқиғаны Нұржан Саринкиннің көзі көрген. Бұл күндер келмеске кетсе де, әр көктемді үрейлене күтетін. Былтыр ауылдың бойында дамбалар көтеріліп, бекітілген. Нысандардың бүгінгі жағдайы талапқа сай.

Нұржан Саринкин, Сәтбаев ауылының тұрғыны:

- Малдар шетінеген жағдайлар осы үш-төрт жыл көлемінде болды. Қазір жағдай жақсы, тек үйдің маңында қар сулары бар. Оны жырып, ағызып жатырмыз.

Бүгінде облыс аумағында қардың еруі бірқалыпты, қалыңдығы нормадан төмен. Өңірдің орталық аудандарында қар толық еріген. Енді таулы аймақтардағы бақылау күшейді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Ертіс өңірінде қызыл судан зардап шегуі ықтимал 14 елді мекен бар. Олардың екеуі Баянауыл ауданында орналасқан. Мәселен, біз тұрған Сәтбаев ауылы Қарағанды облысымен шекаралас жерде. Бұл елді мекенге жыл сайын көрші облыстағы Ақжат бөгетінен келетін қар суы қауіп төндіреді. Апатты алдын алу мақсатында осындай үйінділер орнатылған. Нәтижесінде қар суының бағыты өзгертіліп, кейін Ащысу өзеніне құйылады.

Қауіпті сейілту үшін Ащысу өзенін тазарту, жағасын бекіту және түбін тереңдету жұмыстары қолға алынады. Былтыр апатты деп танылған Ақжар бөгеті күрделі жөндеуден өткізіліп, мәселе шешілді. Көрші облыстың аумағында қар ери қойған жоқ. Күн күрт жылыса, қар суы осы аумаққа өтеді.

Сергей Сытник, облыстық ТЖД бөлім бастығы:

- Ақжар бөгетінің техникалық жағдайын көрдік. Көңіл көншітерлік. Ол аумақта әзірге қар жатыр. Еріген жағдайда Баянауыл ауданына келуі мүмкін. Биылғы жылы су қабылдау камерасы жөндеуден өтті. Әзірге нысан суға тола қойған жоқ. Оны толтыру үшін жарты млн текше метр су қажет.

Жұмыс осымен шектелмейді. Республикалық және облыстық маңыздағы жолдардың маңындағы су өткізу құралдары тексерілді. Бүгінде облыс аумағында мыңнан астам осындай нысан бар. Олардың 400-ге жуығы Баянауыл ауданында. Аймақта төтенше жағдайларды жою және алдын алу мақсатында 1 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Алексей Омельницкий