Хабар телеарнасы

Орал қаласы, Ветелки ауылының тұрғындарын жол мен су мәселесі қинап тұр

Солардың бірі – Орал қаласы, Ветелки ауылының тұрғындары. Жолдың жайсыздығынан бұл ауылға көктем-күзде қатынау қиын. Оқушылар мектепке бармай, жедел жәрдем сырқаттарға жете алмайды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біз қазір Ветелки ауылының жанында тұрмыз. Орал қаласының Деркөл шағын ауданына қарасты бұл елді мекенде 500-дей тұрғын мекендейді. Облыс орталығына тиіп тұр. Небәрі 5 шақырым жерде. Жол жоқ. Сол себепті қоғамдық көлік жүрмейді.

Ауылға оңайлықпен бару мүмкін емес екен. Әуелі қызметтік көлігіміз балшыққа бауырлап қалды. Оны итеріп, киімнің бәрін бүлдіріп, малмандай болдық. Ат ауыстырып көргенбіз. Ол да тұралады. Ақыры 4 көлікке тақым арта жүріп, әупірімдеп әзер жеттік.

Жанна Қарағаева, Ветелки ауылының тұрғыны:

- Көрген күніміз осы. Жыл сайын уәде береді. Әкім де келіп уәде берді. Жолды жасамайды. Оқушылар балшық болса, сабаққа келе алмайды. Айналдырған 5 шақырым, соған жол салуға болады ғой. Асфальт сұрамаймыз, ең құрығанда қиыршық тас төсесе екен.

Мария Семғалиева, ауыл тұрғыны:

- Студенттер, жұмысшылар, зейнеткер адамдар бар, қатынай алмайды. Не автобус жоқ. Такси жүргізушілері қымбатқа апарады.

Ауылдағы тағы бір өзекті мәселе – ауызсу. Көшенің  шетіндегі жалғыз құдық аңғал-саңғал ашық жатыр. Алған судың түбіне төрт елі болып лай тұнады екен. Түрлі бактериялардың табылған кезі де болыпты.

Клара Ғұбайдуллина, ауыл тұрғыны:

- Ескі құдық, 60 жыл болды оған. Оны ешкім тазартпайды, ешкім бетін жаппайды. Халықтың бәрінің көріп отырған күні осы.

Тұрғындар көтерген мәселе бойынша қалалық әкімдікке хабарласқанбыз. Жол құрылысына қала қазынасында әзірге қаражат жоқ екенін айтты. Ал ауызсу тартуға биыл бюджеттен 420 млн теңге бөлініпті. Құрылыс жұмыстары жаз шыққан бойда басталмақ.

Мирас Мұлқай, Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып-алу конкурстары аяқталып, мердігер мекеме анықталды. Жасалған жоба бойынша 21 шақырым су құбыры желісін салу қарастырылған. Ветелки және Новостройка ауылын қамтамасыз етеміз.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Шаһар басшылығы сендіргендей ауызсу мәселесі таяу уақытта оң шешімін таппақ. Көрінген таудың алыстығы жоқ, тұрғындар оны да күтуге әзір. Ал жол мәселесінің жуықта шешілер түрі көрінбейді.

Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов