Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы АҚШ елшісінен сенім грамотасын қабылдады

Қазақстандағы елші қызметіне ақпан айында кіріскен Уильям Мозер әр жылдары АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары, АҚШ-тың Украинадағы елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарған.

Америкалық дипломат бұған дейін АҚШ-тың Алматыдағы елшілігінде энергетикалық мәселелер бойынша атташе болып қызмет еткен. Уильям Мозер Қазақстанда халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мен халықтың тұрмысын түзеуде көп жұмыс атқарылғанын айта келе, АҚШ Қазақстанмен әріптестікті жоғары бағалайтынын жеткізді. Әсіресе елші Қазақстанның АҚШ-тан коммерциялық инвестиция тартудағы ашықтығына тоқталып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа деген құрметін білдірді.

Уильям Мозер, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім хатын тапсыру – мен үшін үлкен мәртебе. Осыдан 20 жыл бұрын мен Алматыдағы елшілікте қызмет еттім, бұл елге қайтып оралғаныма қуаныштымын. Осы уақыт аралығында Қазақстанның жетістіктерін айтып тауысу мүмкін емес. Ядролық қаруды таратпау төңірегінде Қазақстанды көшбасшы ел атандырған ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясын, ерік-жігерін өте жоғары бағалаймыз. Президенттің осы міндеттемесі біздің әріптестігіміздің алтын өзегі болып қала береді. Ол ең қиын сәттерде Қазақстанның тәуелсіздігіне, мемлекеттің гүлденуіне жол салып берді.