Хабар телеарнасы

Нұр-Сұлтанда 3 автобус соқтығысып, 2 адам қаза тапты

Соңғы ақпаратқа сәйкес екі адам көз жұмып, 36 адам емханаға жеткізілді. Жол апатының себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Мерекелік демалыстардан кейінгі бірінші жұмыс күні. Барлығы жұмысқа асығып бара жатқан. Бір сәтте астаң-кестең болып кетті. Қатты соққы, құлаған адамдар, у-шу.

Бақытжан Сәрсенов, куәгер:

- Шу көп болды. Жолаушылар айқайлай бастады. Біз автобустардың терезелерін сындырып, адамдарды сыртқа шығаруға көмектестік.

Зәуреш Өтемісова, зардап шегуші:

- Жұмысқа бара жатыр едім. Автобуста адам көп болған жоқ. Кенеттен қатты дыбыс естілді. Қатты соққыдан есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, жан-жағымда айқай-шу болып жатыр.

Елордадағы жантүршігерлік жол апатында №303 бағыттың жүргізушісі мен сол автобуста болған жолаушы әйел қайтыс болды. 36 адам жараланды. 23 адам ауруханаға жеткізілсе, жеңіл жараланған 17 адам үйлеріне жіберілді, амбулаторлық ем алады. 3 адамға операция жасалды. Автобуста балалар болмаған. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметінің 19 бридагасы жұмыс істеді.

Қамалжан Надыров, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Ауруханаға жеткізілген адамдардың бірі аса ауыр халде. Алтауы ауыр, ал 8-і орташа ауыр халде жатыр. Тағы бір ескерері, әлеуметтік желілерде қан қоры жетіспейді деген ақпарат тарады. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Қалалық ауруханаларда барлық дәрі-дәрмек пен қан қоры жеткілікті.

Автобус тізгінінде 53 жастағы Абай Оспанов болған. «Әдетте таңертең жұмысқа шыққанда жүргізушілердің барлығы міндетті медициналық тексерістен өтеді», – дейді қалалық №1 автопарктің фельдшері.

Гүлнәр Жексекеева, қалалық №1 автопарктің фельдшері:

- Абай Оспанов бізде тіркеуде тұрған жоқ. Жүргізушіні тексереміз. Алкотестер мен қан қысымын, барлығын қараймыз. Ешқашан ешқандай шағым болған жоқ.

Апаттың неден болғанын анықтау үшін арнайы шаралар қолға алынды. Бірнеше болжам қарастырылуда.

Бекмырза Игенбердинов, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы:

- Автобус жоспарлы техникалық байқаудан өтеді. Ешқандай ақаулар анықталмады. Ал нақтысы сот-медициналық сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады.

Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі:

- Қылмыстық іс оқиға бойынша қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіледі. Біз қосымша ақпараттарды беріп отырамыз.

Қаза тапқан жолаушы Айзат Нүрекенова Қарағанды облысынан келген екен. Қазір көлік компаниясының басшылығы мен елорда әкімдігі оның денесін туған жеріне жеткізу мен отбасына көмек көрсету жағын қарастырып жатыр.

Эльвира Жүргенбаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қайтыс болған азаматтардың туыстары мен жақындарына алдымен психологиялық және басқа да қолдан келгенше тиісті көмек беруін тапсырды.

Мерей Қалиасқар, тілші:

- Жол апатының себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Мамандар мән-жайды мұқият тексеретін болады. Оның нәтижелері дайын болысымен жарияланады. Сондай-ақ елордададағы қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы мен жүргізушілердің жұмысын қатаң бақылауға алу туралы жергілікті билік тарапынан тапсырма берілді.

Авторлары: Мерей Қалиасқар, Ерсін Мухаметалин