Хабар телеарнасы

Абдулла Гүл «Хабар» арнасына Елбасы туралы арнайы сұхбат берді

Ол өте қиын әрі маңызды шешім қабылдады. Түркияның 11-ші Президенті Абдулла Гүл «Хабар» Агенттігіне берген арнайы сұхбаты кезінде осылай деді.

2007-2014 жылдар аралығында Түркия Президенті болған Абдулла Гүл мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы жылы қарым-қатынас баршамызға мәлім. Осы кезеңде бауырлас екі елдің байланысы тереңдей түсіп, қос басшының ресми сапарлары жиі болуымен ерекшеленді. Олардың арасындағы достық Абдулла Гүлдің президенттік қызметінен кеткеннен кейін де жалғасын тапты. Гүл мырза қазақ елінде ұйымдастырылған халықаралық жиындарға қатысып отырған. Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи шешімі қазақ елін ғана емес, түркі әлемін де толғандырды. Түркияның белді саясаткерлерінің қатарында Абдулла Гүл мырза да еліміздегі өзгерістерге орай өз пікірін білдірді.

Абдулла Гүл, Түркия Республикасының Президенті /2007-2014 жж./:

- Нұрсұлтан Назарбаевтың көкейіндегі Қазақстан тек материалдық тұрғыдан бай әдемі қалалары, әдемі жолдары бар ел емес, демократиялық-құқықтық, заңдары үстем, еркін нарық ережесімен жүретін жетістігі толассыз жаңа белестерге жетелейтін мемлекет еді. Осы мақсатқа жету үшін Тұңғыш Президент ретінде 30 жыл тынбай еңбек етті. 10 мыңдаған қазақ жасының шығыс пен батыстың алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуына мүмкіндік берді. Қазақстанның дұрыс бағытта дамуын жалғастыра беру үшін жаңа буынға, ізбасарларына билікті берді.

Абдулла Гүлдің айтуынша, жаңа басшы ретінде тағайындалған Қасым- Жомарт Тоқаев осы сенімге лайықты. Бұл өте маңызды.

Абдулла Гүл, Түркия Республикасының Президенті /2007-2014 жж./:

- Кейбір көшбасшылар өз бақылауында ұстап отыратын адамдарды ізбасар ретінде тағайындайды. Бұл жағдайда биліктің алмасуы іс жүзінде жүзеге аспаған болады. Ал Қазақстан жағдайында биліктің іс жүзінде асқандығы көрініп тұр. Мен де өз басым Қасым-Жомарт Тоқаевты жақсы танимын әрі құрметтеймін. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаев мұрат еткен елге айналады деген сенімдемін. Қазірде әлемде дамыған 50 елдің қатарында. Мұнымен үздік отыздықтың қатарына енуі де алыс емес.

Түркі әлеміндегі ынтымақтасу үрдісінде Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызы зор. Абдулла Гүлдің баяндауынша, Елбасы түбі бір түркі жұртының ертеңін баянды етуге бағытталған бірқатар жұмысты жүзеге асырды.

Абдулла Гүл, Түркия Республикасының Президенті /2007-2014 жж./:

- Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жастарында түркі әлемі санасын қалыптастырды. Сондай-ақ Елбасы екеуіміздің бастамамызбен Түркі кеңесі құрылды. Туыс халықтардың ғылыми қауымдастығының ғылым мен білімінің дамуына жағдай жасау үшін Түркі академиясының негізі қаланды. Түбі бір түркі жұртына елеулі үлесі үшін Елбасыны «Түркі әлемінің дана ақсақалы» деп атадық.

Айта кеткен жөн, түрік елінің 11-ші Президенті бірнеше жылдан бері телеарналарға арнайы сұхбат беруден бас тартқан болатын. Оның өзіндік себептері бар. Алайда Гүл мырза біздің өтінішімізді жерге тастамады. Бұл – Қазақстанға деген құрметтің белгісі.

Авторы: Меруерт Қанағат