Хабар телеарнасы

Еңбек ұжымдары Астананы қайта атауды қолдайды

Себебі Елордамыздың бүгінгідей асқақ кейпі мен әлемге танымал ажарлы қала болуына Тұңғыш Президенттің қосқан үлесі зор. Еліміздің әр өңіріндегі өндіріс өкілдері мен сала мамандары Астана атауының өзгеруіне байланысты осындай пікірлерін білдіріп жатыр.

Шымкенттегі өнеркәсіптік сала өкілдері Астананың Нұр-Сұлтан деп өзгеруіне оң көзқарастарын білдіруде. Солардың арасында отандық өнім өндіруші кілем фабрикасы бар. Бірнеше шет ел нарығын игерген бұл фабриканың ашылуына кезінде Елбасының өзі қатысып, талай рет жетістігіне куә болған. Қазір кәсіпорын 300-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Талғат Ысқақов, кәсіпкер, кілем фабрикасының директоры:

- Кәсіпкерлерді қолдап, соның бір шарапатын көрген азаматттың бірі ретінде Астанамыздың атын Нұр-Сұлтан есімімен атау туралы шешімді мен қуаттаймын, қолдаймын. Себебі Елбасымыздың елге қазақтың еліне сіңірген, біздің егемендігімізге сіңірген еңбегі ерекше деп ойлаймын.

Маңғыстаулық 40 мың жұмысшы астанамыздың Нұр-Сұлтан болып өзгеруін оң шешім деп бағалайды. Елбасының стратегиялық жоспары арқасында облыста жаңа автомобиль, теміржолдар мен теңіз порттары салынып, Еуропаға тікелей жол ашылды. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылды. «Елге ерен еңбегі сіңген Елбасы есімінің Елордамызға берілуі орынды», – дейді аймақ жұрты.

Жетібай Төлеқожаев, «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының өкілі:

- «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ атынан, өз атымнан соңғы болып жатқан жаңалықтар, соның ішінде Астана қаласының Нұр-Сұлтан атына берілуі өте дұрыс деп айтамын. Себебі Елбасының көп еңбегі бар. Жаңа керемет қала салып берді. Өзі архитектор болды.

Қостанайда Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге еңбек ұжымдары бір кісідей атсалысты. Солардың арасында екі мыңға жуық адам жұмыс істейтін кондитер фабрикасы да бар.Тәттілерімен әлемге танымал өндіріс орнының ұжымы бас қаламызға Нұр-Сұлтан атауының берілуін бір ауыздан қолдайды.

Қуаныш Есімхан, жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы:

- Біздің еліміздің, қазақ елінің негізін қалаушы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Біз барлығымыз сол кісімен бірге өстік. Елорданың, Астананың әр тұсында, әр жерінде Тұңғыш Президентіміздің қолтаңбасы бар. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі Астана қаласына берілуін біз толығымен қолдаймыз.

Өскемендегі өндірістік кәсіпорын өкілдері де Астана атауының өзгеруін дұрыс деп санайды. Олардың арасында өнеркәсіптік арматура зауытының ұжымы да бар. Олар: «Тәуелсіз Қазақстанның, соның ішінде Астананың дамуында Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі айырықша. Ендеше, соған лайық құрмет көрсету орынды», – дейді.

Авторы: Эльмира Ахметова