Хабар телеарнасы

Ресейлік журналист Л.Млечин Елбасының Президенттік өкілеттігін тоқтатуына байланысты өз ойын айтты

Бүгінде Қазақстан – әлемнің барлық елдерімен іскерлік әріптестік қарым-қатынас орнатқан мемлекет. Тұңғыш Президенттің аймақтық және ғаламдық ауқымда бейбітшілік пен келісімді сақтап, нығайтудағы еңбегі орасан зор. Бұл – ресейлік журналист, халықаралық шолушы Леонид Млечиннің пікірі.

Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіздікті қолға алған алғашқы жылдар халыққа оңай болған жоқ. Өнеркәсіп алыптары жабылды, жұмыссыздық жайлады, жаппай экономикалық құлдырау басталды. Сол қиын-қыстау заманда Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен қабылданған стратегиялық шешімдер ел экономикасын алға ілгерілетті. Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстан саясаты тұрақты, экономикасы қуатты елге айналды.

Леонид Млечин, РФ еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы:

- Қазақстан әлемнің саяси картасында Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында пайда болды. Қазақстан кеңестік Республикалардың арасында Одақтың тарауынан соң ең қатты зардап шеккен мемлекет еді. Қазақстанның өнеркәсібін Кеңеске бағынатын кәсіпорындар құрайтын. Ал Одақ ыдырап, социалистік экономика құлдыраған кезде Қазақстандағы кәсіпорындар тоқтап қалды. Адамдар жұмыссыз, жылусыз, электр жарығынсыз қалды. Сол қиын кезеңде ұтымды қадамдар жасалды. Нұрсұлтан Назарбаев елдегі жағдайды тұрақтандырып, экономиканы ілгерілету үшін аянбай еңбек етті.

«Нұрсұлтан Назарбаев – ұлттық қана емес, әлемдік деңгейдегі тұлға. Ширек ғасырдан астам уақытта Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға жетекшілік етті, ауқымды іс-шараларды абыроймен атқарды. Тұңғыш Президенттің бұл бағытта атқарған істерінің орны бөлек. Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тарту арқылы елдің әлемдік қауымдастық алдындағы беделін нығайта алды. Оның әлем елдерін бейбітшілікке шақырып үн қатуы – адамзат баласының тағдыры үшін маңызды бастама болды», – дейді Леонид Млечин.

Леонид Млечин, РФ еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы:

- Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан аумағында болған ірі ядролық қарудан бас тартты. Ел аумағында оны сақтап қалғысы келгендер, ал шетелде сатып алғысы келгендер де болды. Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаев батылдығы мен көрегендігін көрсетті. Ядролық қарудан бас тартты. Бұл – үлкен іс. Себебі өзгелердің ядролық қаруды иеленгісі келетіні хақ.

Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің алғашқы күнінен-ақ көрші елдермен, соның ішінде қоңсы қонған қос алыппен достық қарым-қатынас орната білді. Сол берік байланысты арадағы шекараны шегендеуде ұтымды пайдаланды. Сарапшылар: «Бұл – Елбасының елі үшін жасаған ең үлкен еңбегі», – деседі.

Леонид Млечин, РФ еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы:

- Нұрсұлтан Назарбаев көршілес Қытаймен территориялық қарым-қатынасты реттей алды. Ресейліктер үшін Қытай үлкен мемлекет қана болса, ал Қазақстан үшін – алып шекаралас мемлекет. Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы шекараны бекемдеу үшін бар күш-жігерін салды. Бұл оның халықаралық беделінің арқасында мүмкін болды деуге болалды.

Бүгінде Ресей мен Қазақстанның арасында шынайы достық көпірі қалыптасқан. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алған 90-шы жылдардан бастап, интеграция идеясының бастаушысы да болды.

Леонид Млечин, РФ еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы:

- ЕАЭО құру – Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Идея жүзеге асты. Өміршеңдігін дәлелдеді. Әрине, бізге Қазақстан сияқты маңызды серіктес қажет. Қазақстан мен Ресейдің екіжақты бірлескен жобалары жетерлік.

Азаттық алған тұстан Қазақстан қарыштап дамыды. Ал осы істің басы-қасында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Бұл – әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен халықаралық шолушылардың пікірі.

Авторы: Меруерт Жақан