Хабар телеарнасы

Елорда – Елбасының төл туындысы

Шынымен де еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның астанасын әлем танитындай дәрежеге жеткізді. Көптеген маңызды саяси шешім де нақ осы елордада қабылданды, түрлі шаралар өтті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Сирия дағдарысын шешуге бағытталған келіссөздер, EXPO көрмесі. Мұның барлығы – көреген саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада өткен айтулы оқиғалар.

1997 жыл. Бұл күн әрине, тарихта қалды. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің бас шаһары Алматыдан Астанаға көшірілді. Мұндай шешімге қарсы шығып, жазық далада гүл қала болатындығына сенбегендер кездесті. Алайда елі сүйген Елбасы аз уақыт ішінде қыр даланы гүл қалаға айналдырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- С сегодняшнего дня, с 10 декабря 1997 года столица независимого Казахстана - город Акмола. Все важнейшие решения будут приниматься здесь.

Егеменді елдің жаңа дәуірі басталды. Жаңа астанада тың бастамалар көтерілді. Әлемдік саясаткерлер көз тіккен Орталық Азияның жауһары атанды. Елбасы ұсынысымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы съезі осы жас Астанада өтті. Жиын идеясын Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Михаил Горбачев сынды әлемнің беделді саясаткерлері қолдады. Елорда жаһандық спорттық шаралардың орталығына да айналды. 2011 жылы Қысқы Азия ойындарының бір бөлігі Астанада өткізілген еді. Елорда тек спорттық шаралардың емес, сондай-ақ маңызды саяси оқиғалардың ордасына айналды. ШЫҰ-ға мүше елдердің президенттері Астанада 3 рет бас қосты. Келелі келіссөздер жүргізіліп, маңызды шешімдер қабылданды. Бұдан бөлек 2010 жылы еліміздің бас шаһарында ЕҚЫҰ саммиті өтті. 11 жылдық үзілістен кейін тек Қазақстан ғана бұл ұйымның басын қайта біріктіре алды. Мұнда әрине, Елбасының ерен еңбегін атап өту керек. Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Біз Батыстың беделді ұйымына Азия елдері арасында алғашқы төраға болып, құрлықтың тұтас қауіпсіздігі жөнінде тұңғыш бастама көтердік. Бұл тұрғыдан алғанда мыңжылдықтың алғашқы саммиті еліміздің ғана емес, ұйым тарихы үшін де аса маңызды оқиға болды деп айтуға болады.

Төрткүл дүние телміре қараған EXPO көрмесі. 5 жыл ішінде бой көтеріп, халықаралық шара Астанада өтеді дегенге әлем күмәнмен қарады. Алайда көреген саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев барлығын тағы да таңдай қақтыртты. Бұл көрмеге әлемнің 115 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйымы қатысып, «жасыл» энергиядағы өздерінің озық технологияларын жұртшылыққа паш етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Біз EXPO көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қана қаланың қатарына қосылды. Тәуелсіз Қазақстанның символы – Астана. Нағыз XXI ғасырдың қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады.

Танылды да. Бүгінде Орталық Азияның жауһарына айналған елорданы білмейтін жан жоқ шығар жаһанда. Өйткені бас қала бейбітшіліктің де ордасына айналды. Астана Сирия дағдарысын шешуге үлкен үлес қосты. Алғаш рет қырғиқабақ соғысқан оппозиция топтары келіссөздер жүргізуге бір үстел басына жиналды. Бірнеше раундқа созылған кездесулердің нәтижесінде деэскалация аймақтары құрылып, Идлибте оқ ату тоқтатылды. Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетілді. Мұны да көреген көшбасшы Елбасының ерен еңбегі деп таниды әлем жұрты.

Авторы: Риат Шони