Хабар телеарнасы

Алматыда алғаш рет жалпыхалықтық Наурыз шеруі өтеді

Биыл қала тұрғындары мен қонақтары жаңа лептегі мерекеге куә болмақ. Жыл басы тойланатын орындардың саны артып, алғаш рет жалпыхалықтық Наурыз шеруі өтеді.

Тіршіліктің бастауы, берекенің белгісі Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы келбеті ерекше түрленеді. Үш күн бойы тұрғындар мен қонақтар қаладағы мәдени орындарда ұлттық салт-дәстүрдің сән салтанатын тамашалайды. Айта кетейік, жалпыхалықтық мерекелік шара биыл қосымша тағы үш орында тойланады.

Нұрлан Сыдықов, қалалық мәдениет басқармасының басшысы:

- Осы жылдың ерекшелігі болып қосымша үш жаңа орын қосылып отыр. Ол мына қаламыздың батысында орналасқан «Халық Арена» және таудың етегінде орналасқан «Сұңқар» трамплин кешені бар. Одан кейін халықтың жақсы көретін «Атакент» орталығы бар.

Негізгі шаралар Жібек жолы мен Панфилов көшелерінің қиылысында, Астана алаңында және «Алматы Арена» мұз айдыны кешенінде өткізіледі. Оған қоса, биыл алғаш рет қаланың орталық көшелерінде жалпыхалықтық Наурыз шеруі болады. Оған шетелдік қонақтар да қатысады және шерушілердің саны мың жарымнан асады деп жоспарлануда.

Айнұр Баженова, қалалық мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

- Қаламыздың орталық көшелерімен жүріп өтетін үлкен театрландырылған мерекелік шеру 21 наурыз күні болады. Бүгінде 1500-ден астам адам қатысады деп отырмыз.

Биылғы наурыз мерекесі Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сай ауқымды мәнде ұйымдастырылған. Қаланың мерекелік безендірілуі еліміздің тарихынан сыр шертеді. Үш күндік мерекеде спорттық жарыстар, көрме және концерттік бағдарлама қойылады. Сондай-ақ 30 мың литр Наурыз көже мен 30 тонна бауырсақ мерекелік дастарханның сәнін келтірмек.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев, Валентин Лобанов