Хабар телеарнасы

ЕО өкілі Майя Косьянчич: Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөлге ие болды

Бұл – Тұңғыш Президенттің халықаралық аренадағы жоғары беделінің тағы да бір айғағы.

30 жыл ел басқарған Қазақстан Президенті өкілеттігін тоқтатты. Әйгілі The Washington Post басылымында жарыққа шыққан мақалада Кеңес Одағының тарауынан кейін әлемдегі ең ірі ядролық арсеналға ие болған мемлекетті басқарған Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс шешім қабылдады делінген. Мақала авторы Елбасының Орталық Азиядағы ең беделді саясаткерлердің бірі екенін атап өтеді.

Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның дамуы үшін өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Елді экономикалық өрлеуге жетелеген және халықтың әл-ауқатының жақсаруына сеп болған маңызды реформалардың авторы. The New York Times басылымында жарыққа шыққан мақалада осылай делінген. Азия-Тынық мұхит аймағының жетекші басылымы The Diplomat Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістің бастамасышы екенін жазған.

Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін тоқтатқаны туралы алғашқылардың бірі болып хабар таратып, бұл тақырыпқа кең көлемді мақалалар жариялады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешіміне Еуропалық Одақ сыртқы саясат қызметінің ресми өкілі Майя Косьянчич пікір білдірді. «Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Президенті болған 30 жылдың ішінде конституциялық реформаларды қоса алғанда жаңғыру реформаларын ілгерілетті. Ол бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке жәрдемдесуге айрықша мән бере отырып, өңірлік, сонымен қатар жаһандық деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөлге ие болды», – дейді Еуропалық Одақ өкілі.