Хабар телеарнасы

Nur Otan «Халыққа көмек» жобасының жұмысын ресми түрде бастады

Олардың шамамен тең жартысына көмек көрсетілді. Шағымдардың көш басын баспана мәселесі бастап тұрғаны белгілі болды. Содан кейін еңбек дауы мен мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мәселесі өзекті.

Ресми түрде жұмысы басталған «Халыққа көмек» әлеуметтік жобасының әлеуеті мен халыққа деген шарапаты мол болуы керек. Осы мақсатта қоғамдағы өзекті мәселелерді жедел әрі пайдалы шешу үшін әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларға талдау жасалып, мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы Nur Otan партиясының өкілдері хабарлады.

Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Азаматтар телефон, электронды пошта арқылы немесе әлеуметтік желілерді пайдаланып, сондай-ақ WhatsApp, egov.kz бар, осындай жүйелер арқылы партияға өздерінің өтініштерін жіберуге мүмкіндіктері бар. Осы жолдармен келген барлық өтініштерді де біз мұқият қарайтын боламыз.

Сонымен Nur Otan партиясына қалай өтініш жолдауға болады? Қоғамдық қабылдауға қатысу немесе мына электрондық мекенжайға өту, өтінішті кәдімгі немесе электронды пошта арқылы жолдау, партия сайтында онлайн өтініш қалдыру, электрондық үкімет порталы арқылы өтініш жолдау, партияның call орталығына қоңырау шалу, WhatsApp немесе Facebook арқылы жазу және АйКөмек бірыңғай байланыс орталығы арқылы шығу.

Бақыт Темірова, Nur Otan партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы:

- «Халыққа көмек» жобасының «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жүйесі өз жұмысын бастады. Осыған байланысты елдегі 230-дан астам қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметі толық жаңғыртылады. Оның ішінде цифрлық технологияға баса мән беріледі. Жоба қолға алынғалы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жүгінген 3 мың азаматтың мыңға жуығын баспана мәселесі алаңдатады.

Сондай-ақ жұмысқа орналасудағы кедергілер туралы 233 адам шағымданған. Балаларды оқыту сұрағы жөнінде 90-ға жуық өтініш келіп түсті. Балғындарды емдеу және мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір сапасын арттыру мақсатымен 120 азамат хабарласыпты. Ал өткен жылы елдегі қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жалпы 140 мыңнан астам азамат өз өтініштерін жолдаған. Оның 40% оңтайлы шешілді. Ең өзекті мәселелерге халықты әлеуметтік қамтамасыз ету, оның ішінде зейнетақы алу, алимент өндіру, мүгедектікті анықтау, өзге де материалдық көмек сұрақтары енсе, екінші орында жұмыс мәселесі. Атап айтсақ, жалақы алу туралы еңбек даулары. Артынша әр азаматқа тиесілі жер телімін беру мерзімінің ұзарып кетуі сынды шағымдар бар.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Наурыз Базаров